Қарағандыда алғашқы TEDx конференциясы өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бірінші TEDx конференциясы Қарағандыда 2 маусымда ІІМ Академиясының залында өтеді. Шараның басты тақырыбы – «Өзгерт!» деп аталады. Спикерлер қала мен қазіргі қоғам өміріндегі өзгерістер туралы айтатын болады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Спикерлер ретінде Education for all инклюзивтік білім беру орталығының негізін қалаушы Камила Роллан, Қазақстанның генофондының зерттеушісі Мақсат Жабағин, халықаралық дәрежедегі батутта секіруден спорт шебері, Cirque du Soleil әртісі Рафаэль Фатхельянов, Нью-Йорктің үздік полицейі, қазақстандық Димаш Ниязов және т.б. сөз сөйлейді.
«Конференцияда біз түрлі тақырыптарды қозғаймыз: Қазақстан мен әлемдегі білім беру реформалары, жеке трансформациясы, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, саналы тұтыну және т.б. Жас, белсенді және табысты спикерлерді шақырдық», - деді іс-шараны ұйымдастырушы Шахзада Шөгелбаева
TED лицензиясын алған мұндай конференция Қарағандыда алғаш рет өткізілмек. TED – бұл технологиялар, ойын-сауық, дизайн, ғылым, гуманитарлық ғылымдар, бизнес, даму, коммуникация және тағы басқалар секілді кез келген пән бойынша әлемнің жетекші ойшылдары мен қайраткерлері қатысатын іс-шараларымен танымал болған американдық жеке коммерциялық емес қор.
Аталмыш формат бүкіл әлемде керемет танымалдыққа ие болды.
2009 жылдан бастап бүкіл әлем бойынша TEDx – жаһандық TED лицензиялары мен стандарттары бойынша ұйымдастырылған жергілікті іс-шаралар өткізіліп келеді. Олар қалаларда, жекелеген университеттерде және белгілі бір қауымдастықтар өкілдерінің арасында өтеді. Қазақстанда бірінші TEDx конференциясы Алматыда 2010 жылы өтті.