Қарағанды вокзалы уақытша жабылады
Астана, BAQ.KZ. 2019 жылдың 26 наурызында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты, Қарағанды теміржол вокзалының ғимараты уақытша жабылады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Жолаушыларға қызмет көрсету автовокзал ғимараты мен перронда жүргізіледі.
Қарағанды теміржол вокзалын қайта жаңарту нысанды пайдалану кезеңінде барлық қажетті өндірістік жұмыстар рәсімін сақтай отырып, 2018 жылдың тамызынан кезеңімен жүзеге асуда.
Жоба бойынша 2-5 жолдарға еркін қозғалу үшін лифтілер мен эскалаторлар орнатылып, жылытылатын жабық конкорстық өтпе салынатын болады. Вокзалда операциялық және сервистік аймақты ажырату жоспарланған. Операциялық аймақта кассалық зал, анықтама бюросы және күту залы орналастырылады. Ал сервистік аймақта шаштараздар, сауда дүңгіршектері, тамақтану орындары, шағын маркеттер, сервис-орталық, ана мен бала бөлмесі және жүк сақтау камералары орналасады.
Вокзал қызметіне мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың кедергісіз қолжетімдігі үшін барлық жағдай жасалады. Жолаушылардың платформаларда жайлы жүріп-тұруы үшін қалқалар орнату жоспарланған.
Қайта жаңартылғаннан кейін вокзалдың аумағы 1600 шаршы метрден 3900 шаршы метрге дейін ұлғайып, оның жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 4000 орнына 7000 жолаушыға дейін артады, ал отырғызу орны 417 орыннан 670 орынға дейін көбейеді.