Қарағанды облысының жолдарында 6 санитарлық бекет ұйымдастырылды
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін аймақта санитарлы бекеттер ұйымдастырылған. Бұл жайында облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков хабарлады.
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында Қарағанды облысының жолдарында алты санитарлық бекет ұйымдастырылды. Оның біріншісі қалаға Алматы тарапынан кіреберісте, яғни бұрынғы Соқыр бекетінде, екіншісі Павлодар жақтан кіреберісте, үшіншісі Теміртау ақылы жол терминалының жанында, төртіншісі Нұра ауданының Киевка кентінде және бесінші, алтыншы бекеттер Жезқазған және Балқаш қалаларында орналасқан.
Бекеттерде тәулік бойы жол-патрулдік полиция қызметкерлері, арнайы мақсаттағы жасақ, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және СЭС өкілдері жұмыс істейді. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша полиция қызметкерлері коронавирустық індет белгілерін анықтау мақсатында көлік құралдарын тоқтатады, сондай-ақ, жүргізушілер мен жолаушылар тексерістен өтуі үшін дәрігерлердің көмегіне жүгіне алады, - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанатай Сембеков.Полиция департаменті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтардан өткізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарауды, полиция қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауға шақырады.
Еске салайық, бүгін Қарағанды облысында 2 адамның індет жұқтырғандығы анықталды.
Сырқаттардың екеуі де 18 наурыз күні Қарағандыға Минсктен ұшып келген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бордта болған жолаушыларды қарсы алу және оқшауландыру кезінде санитарлы талаптар қатаң сақталған. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында карантин режимін жариялауға негіз жоқ.
Қарағандыға Минскіден ұшып келген бортта 67 жолаушы болған. Олардың барлығы 14 күндік карантинге жатқызылды. Карантиндегі студент қыз оқшауландыру қалай өтіп жатқандығын айтса, оның анасы дәрігерлерге алғысын жеткізген болатын.