Қарағанды облысында жыл соңына дейін екі оңалту орталығы ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың соңына дейін Қарағанды облысында екі оңалту орталығы ашылады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста белгілі болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің ресми сайты. 

Биыл өңірде 4 жаңа емхана, оның ішінде бір балалар емханасы ашылды. Жалпы бұл мекемелерде 70 мыңнан астам адам тіркелген. Енді жыл соңына дейін тағы екі оңалту орталығы ашылады деп күтілуде. Олардың бірі - қаланың оңтүстік-шығысында орналасқан 40 төсекке шақталған ересектерге арналған орталық. Екіншісі - балаларға арналған, Майқұдықтағы 50 төсектік оңалту орталығы.

Айта кетейік, аймақта оңалту көмегіне қол жеткізу 42%-ға жақсарды. МӘМС енгізу жөніндегі пилоттық жоба басталғанға дейін орташа ай сайын оңалту төсектерінде 690 науқас емделді. Қазан айында бұл көмек түрі 981 науқасқа көрсетілді.

Медициналық сақтандыру арқасында көптеген адамдар КТ және МРТ сияқты қымбат тексеруден өте алды. Медициналық қызметтің бұл түрлері соңғы екі айда 2,5 есе жиі көрсетіле бастады.

Естеріңізге сала кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы осы жылдың 1 қыркүйегінде Қарағанды облысында пилоттық режимде бастау алған болатын. Республиканың басқа өңірлерінде оны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы