Қарағанды облысындағы оқушылар Smart city саласында жобалар жасауда

Астана, BAQ.KZ. Жаңаарқа ауданында ІІ аудандық «Edurobot.kz» фестивалі өтті. Шара балалар техникалық шығармашылығының нағыз мерекесіне айналды. Ауыл оқушылары өздерінің инженерлік дағдылары мен технологияларындағы озық тәжірибелерін көрсете білді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Робототехника фестиваліне 17 мектептен 130 бала қатысты. Өткен жылмен салыстырғанда қатысушылар саны екі есеге артқан. Жарыс 8 санат бойынша өтті. Бағалау әділ өту үшін ауданға облыс орталығынан тәуелсіз төрешілер шақыртылған.

«Қазіргі әлемде робототехника барлық жерде қолданылады. Болашақ инженерлерін мектеп қабырғасынан дайындау керек. Біз балаларға қала мектептерімен тең келердей жағдай жасауға тырысамыз. Барлық 17 жалпы білім беретін мектепте робототехника кабинеттері жабдықталған. Биылғы жылы конструкторларды негізгі мектептерге де сатып алуды жоспарлап отырмыз», - деді Жаңаарқа ауданының білім беру бөлімінің басшысы Тілеш Әштаев.

Аудан мектептерінде IT-кабинеттер ашылды. О. Жұмабеков атындағы ресурстық мектепте демеушілер STEM-зертханасын жабдықтады.

Аудан басшысының айтуынша, биылғы жылы Атасу кентінде балалар технопаркі ашылады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 40 млн теңге бөлінген.

Балалар инженерлік идеяларды іске асырады. Мектептердің бірінде "ақылды" жылыжай пайда болды. Оқушылар өсімдіктерді суаруды, үй-жайда жарық беруді және температуралық режимді бақылайтын бағдарламалық құрылғылар жасады. Тағы бір мектепте жүзу бассейнінде бақылау жүйесі автоматтандырылды.

Фестивальде Smart City-дің өзекті тақырыбына арналған шығармашылық санатқа ерекше назар аударылды. Төрешілердің айтуынша, жеңімпазды таңдау қиынға соқты – қатысушылар өте қызықты жобаларды ұсынған, олардың әрқайсысы шешімнің күрделілігімен ерекшеленді.

Ақтау жалпы білім беретін мектебінің оқушылары ұстаздарының жетекшілігімен квадрокоптер жинады. Аталмыш құрылғыны сынақтан да өткізіп үлгерген. №132 ЖББМ-нің «Ақылды үй» жобасы үздік деп танылды.

Аудандық фестивальдің жеңімпаздары 29-30 наурызда Қарағандыда өтетін Roboland-2019 халықаралық фестивалінде өнер көрсетеді.

Өткен жылы жаңаарқалық жас робототехниктер Roboland біріншілігінің кубогын жеңіп, Томск қаласында өткен чемпионатта ерекше көзге түскен болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы