Қарағанды облысындағы елді мекендерден 2 млн текше метрге жуық қар шығарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының құтқарушылары су тасқынына белсенді дайындалуда. Олардың не шаралар қолданатыны және синоптиктер алдағы уақытқа қандай болжамдар беріп отырғаны төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте мәлімделді.
2019 жылы құтқарушылар 27 қорғаныс валдары мен бөгеттерін нығайтқан. Сонымен қатар 12 км дренажды және су бұру каналдарын салған. Елді мекендерден 1 млн 800 мың текше метр қар шығарылған.
Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасы бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазір көктемге дайындыққа жауапты барлық мемлекеттік органдар соған сәйкес жұмыс істеуде. ТЖД қызметкерлері осы тапсырмаларды орындауға барынша жауапкершілікпен қарайды, себебі су тасқыны кезеңінің өтуі бізге байланысты, - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қатпанов.
Қазір облыста су басу қаупі жоғары 174 елді мекен анықталды. Олардың барлығы өзен арналарының бойында және су қоймаларының жанында орналасқан. 15 наурыздан бастап аталмыш елді мекендердің әрқайсысында тәулік бойы құтқарушылар кезекшілік ететін болады.
Су басу қаупі кезінде біз жүкті, созылмалы аурулары бар науқастарды, қарт адамдар мен балаларды алдын ала көшіреміз. Барлық ауыл және кент әкімдерінде олардың тізімдері бар. Егер су келсе, онда бізде эвакуациялау техникасы дайын тұр. Көшірілген адамдарды уақытша орналастыру үшін 231 пункт толығымен жабдықталған, - деді Мұрат Қатпанов.
Ол сондай-ақ су тасқыны қаупі бар елді мекендердің тұрғындары су басу кезіндегі іс-қимыл алгоритмімен таныс екенін атап өтті. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылады.
Қазгидрометтің болжамынша, наурыз айында орташа температура нормадан бір градусқа жоғары болады. Облыс аумағында күндізгі уақытта плюстік температура наурыздың екінші он күндігінде орнайды. Түнде термометр бағанасы ай соңына қарай нөлден жоғары көтеріледі.