Қарағанды облысында Нүркен Əбдіровтың 100 жылдығы атап өтілуде

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсетіп, қаһармандықпен қаза тапқан қазақтың батыр ұлы Нүркен Əбдіров 1919 жылы Қарағанды облысының, Қарқаралы ауданында дүниеге келген.

Бар жоғы 22 жасында елі үшін жанын беріп, көзсіз батырлық жасаған «сарыарқа сұңқарының» 100 жылдық мерейтойы облыстың түкпір-түкпірінде тойлануда. Атақты əскери ұшқыш, жерлесіміз Нүркен Əбдіровтың соғыс уақытындағы ерлігі мен өршілдігі ұрпақтары үшін мəңгілікке мақтаныш болып қалары сөзсіз. Мың жылда бір туатын батырдың есімі өзі туған жердегі ауылға, Қарағандының қақ ортасындағы үлкен даңғылға беріліп, ескерткіштер орнатылған. Əр жылдары Нүркен Əбдіров жайлы шығармалар жазылып, фильмдер түсірілді. Биыл атақты ұшқыштың 100 жылдық мерейтойына арналған шаралардың легін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры бастады. Театр ұжымы «Қыран қазақ» спектаклін қойды. 


«Бұл қойылымға алты ай бойы дайындалдық. Қыршыннан қиылған Нүркен Əбдіровтей батырдың ерлігін бүкіл елге жария етіп, болашақ ұрпаққа оның жанкештілігі мен қайсарлығын жеткізуіміз қажет. Батырдың есімін ұлықтаудың бірден-бір айқын жолы – театрдағы осындай қойылым», - дейді облыстық қазақ драма театрының директоры Сансызбай Бекболатов. 


Пьесаның авторлары ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабеков пен оның ұлы Мейрам Жұмабеков. Спектаклді сахналау үшін Ш. Айманов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, режиссер Қуандық Қасымов арнайы шақыртылған. Қойылымның қоюшы суретшісі ҚР еңбек сіңірірген қайраткері Есенгелді Тұяқов. Қойылымда Нүркен Əбдіровтың рөлін Бауыржан Нұрмағамбетов жəне Ақай Жұмамұратов сомдаса, батырдың анасының образын Нұржібек Жансүгірова мен Бижамал Кемалова орындайды. 

«Драмалық қойылымда Нүркен Əбдіровтың ерлігін, соғыс кезіндегі образын барынша шынайы көрсетуге тырыстық. Алғашында бұл шығарманың телевизиялық нұсқасы болды. Кейін ұлымның өтінішімен осы пьессаны бірге жазып шықтық», - дейді қойылымның авторы, драматург Кеңес Жұмабеков.


Нүркен Əбдіровтың мерейтойы ауыл-аймақтарда да тойланып, лайықты құрметке ие болуда. Ақтоғай ауданында атаулы күнге орай «Ерлік туын көтерген ерлер» атты музыкалық кеші ұйымдастырылды. 

«Қазіргі ұрпаққа соғыс ардагерлерін, майданнан қайтпай қалған боздақтардың ерлігін жеткізу біздің адамгершілік парызымыз. Олардың келешек үшін қан төгіп, жан бергендігіне бас иіп, құрмет көрсету адамзаттың алдындағы үлкен міндет жəне осы тарихи шындықты болашақ ұрпаққа ешқандай өзгеріссіз жеткізу басты міндетіміз», - дейді кешті ұйымдастырушы Ə.Бөкейханов атындағы мектеп ұжымы. 

Атаулы кешке ауыл ардагерлері мен жастар келді. Шарада мектеп оқушылары соғыс туралы əндер мен шайқас алдындағы сəттерден көріністер көрсетіліп, күмбірлете күй тарттып, жас ақындар жырларын оқыды. Бұдан бөлек Кеңес Одағының Батырлары Қ.Нұржанов, Н.Əбдіровтің 100 жылдықтарына арналып Ақтоғай аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық спорт түрлерінен чемпионат өткізілді. 


Ауданның түкпір-түкпіріндегі елді мекендерден жиналған спортшылар көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, асық ату, аламан бəйге секілді ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Дүбірлі дода екі күнге созылды. Қайсар батырдың мерейтойына арналған шаралар жыл бойы жалғаса бермек. Н.Əбдіровті еске алуға арналған тағы бір шараны Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы өткізеді. 


«8 мамыр күні сағат 15.00-де Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында жəне Ұлы Жеңіс күніне, Кеңес Одағының Батыры Нүркен Əбдіровтың 100 жылдығына орай «Нүркен Əбдіров – көк аспанда қалықтаған Сарыарқа сұңқары» атты музей сабағы өткізіледі. Бұл музей сабағына Ұлы Отан соғысының батыры Нүркен Əбдіровтің немере інісі Əбдіров Əубəкір Сəрсенұлы жəне Мартбек Мамыраевтың қызы Мамыраева Клара Мартбекқызы қатысады. Музей сабағының негізгі мақсаты мектеп оқушыларын Отанын сүюге, оны қорғауға баулу, отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, оларға патриоттық тəрбие бере отырып, өз елін, жерін қастерлейтін саналы да парасатты елжанды-ұлтжанды азамат етіп тəрбиелеу», - дейді мұражай қызметкері Назерке Жартын. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы