Қарағанды облысында медициналық куәландырудың жаңа жүйесін енгізу жоспарлануда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда медициналық куәландырудан өту үшін хроматографиялық зертханалардың бірыңғай желісін құру жоспарлануда.
Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.Деректер нақты уақыт режимінде полиция департаментінің, облыстық прокуратураның және наркологиялық диспансердің ақпараттық жүйелеріне берілетін болады.
- Хроматографиялық зертханалар желісі облыстың медициналық мекемелерінің базасында орналасатын болады. Оларды есірткі заттарының 100 түріне арналған мұрағат бар жаңа анализаторлармен жабдықтайды. Бұл аппараттар сараптама нәтижелерін полиция департаментінің, облыстық прокуратура мен наркологиялық диспансердің базаларына нақты уақыт режимінде бере алады, ол өз кезгінде сараптаманың шынайылығына күмәнданбауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында.
Медициналық куәландырудың жаңа жүйесін құр – құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі шаралар кешенінің қадамдарының бірі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық әкімдікте мәлімдеді. Мысалы, есепте тұрған отбасыларды бақылауды күшейту көзделіп отыр. Бұл ретте бұрын сотталған азаматтар мен үйсіздердің әлеуметтік проблемаларын шешуге ерекше назар аудару қажет.
- Біз Қарағанды мен серіктес қалаларда қосымша бейімдеу орталықтарын ашуды ұсынамыз. Қазір бұл мекемелерде адамдар алты ай бойы мекендеуге құқылы. Содан кейін олар далада қалады, бұл оларды қылмыстарға итермелейді. Біз олардың тұрақты тұратын жері және жұмысқа орналасқанға дейін сол жерде болу уақытын ұлғайтуды жөн деп санаймыз, - деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Ол сондай-ақ қамау орындарынан босағандар үшін қосымша қысқа мерзімді қайта оқыту курстарын ашуды және оларды жұмысқа орналастыру үшін квоталар санын арттыруды ұсынды.
Осы іс-әрекеттердің барлығы 2020-2022 жылдарға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жоспарға енгізілген. Оған көшелердегі және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар, мас күйінде жасалған қылмыстар, ЖКО және т. б. санын азайту бойынша міндеттер кіреді.
Облыста көшеде және қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар саны қысқарды. Сондай-ақ ауыр қылмыс азайды. Алайда маскүнемдік пен араққұмарлық жалпы криминогендік жағдайға әсер етуде.