Қарағанды облысында медициналық сақтандыру «пилотын» мониторингілеу күнделікті түрде жүргізіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззәт Ақтаева Қарағанды облысына іс-сапармен келіп, әлеуметтік медициналық сақтандыруды апробациялауға қатысты кеңес өткізді. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында МӘМС жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылды.
"Қарағанды облысында басталған әлеуметтік медициналық сақтандырудың пилоттық жобасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілетін МӘМС жүйесіне барынша дайындалуға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге осы жылдың соңына дейін қалған проблемаларды анықтап, олар бойынша жедел шешім қабылдау маңызды",- деді вице-министр Ләззәт Ақтаева.
Қарағанды облысында Денсаулық сақтау министрлігінің, Медициналық сақтандыру қорының, әкімдіктің және өңірдегі Денсаулық сақтау басқармасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерін біріктірген Жобалық кеңсе құрылды.
Жобалық кеңсе «пилотты» іске асыруға қатысты төрт негізгі бағыт бойынша мониторингін жүргізеді: нормативтік-құқықтық актілерді, Ақпараттық жүйелерді жетілдіру, сатып алу тәртібі, көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу, халықты ақпараттандыру.
"Біз үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік. Ақпараттық жүйелер интеграцияланған және медсақтандыруды цифрлық қолдауға толық әзір. Облыс халқының 98% интернеті бар медициналық ұйымдарға тіркелген. Аудандарға жас мамандар тартылды. Медқызметкерлерді МӘМС бойынша түрлі бағыттарда жұмыс істеуге дайындадық. Пилоттық жобаның алғашқы аптасы жаңа жүйеге дайын екенін растады", - деді вице-министрге облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Облыста мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету жобасы іске асырылуда, сонда спутниктік коммуникациялардың шығындары арзандау болады. Жалпы, облыс бойынша жыл соңына қарай 65 ауылдық денсаулық сақтау нысаны интернетке қосылады.
Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымов атап өткендей, медициналық сақтандыруды тестілеуге дайындық шеңберінде МӘСҚ филиалы облыстың барлық денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп, тегін көмек пен МӘМС топтамаларын бөлуді есепке ала отырып, 2019 жылдың қалған 4 айында медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына өзгерістер енгізілді.
Қордың жұмысын цифрландырудың толық циклін қамтамасыз ету үшін 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында Saqtandyrý ақпараттық жүйесі тесттік тәртіпте іске қосылды.
"Пилоттық жобаның мақсаты - медициналық қызметтердің арнайы есебін жүргізу бойынша денсаулық сақтау саласындағы барлық ақпараттық жүйенің интеграциясын тексеру және МӘМС жүйесіндегі пациенттердің мәртебесін сәйкестендіру. Халықты МӘМС жүйесіне белсенді түрде тарту керек, енді медициналық сақтандырудың артықшылығы туралы айтудың қажеті жоқ, оны азаматтардың өзі көзбен көріп, байқауы тиіс.", - деді вице-министр.
Кеңес барысында тұрғындарды өзектендіру және облыс халқының МӘМС жүйесіндегі мәртебелерін анықтау мәселесі талқыланды. Бүгінде 150,6 мың адам мәртебесі белгілі, енді 35 мыңға жуық тұрғынды сәйкестендіру керек.
МӘМС үйлестіру департаментінің мәліметінше, МӘМС кеңейтілген пакеті аясында медициналық көмектің кепілді көлемінен тыс қосымша медициналық қызметтер көрсетуге республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінді.
Күзден бастап облыс тұрғындары кеңес беру-диагностикалық қызметтерге қол жеткізді, оған дені сау ересектерді алдын ала тексеру және бейінді мамандардың балаларды тексеруі, сондай-ақ зертханалық және диагностикалық қызметтер кіреді.
Сонымен қатар, аймақтың тұрғындарына стационарды алмастыратын және жоспарлы стационарлық көмектің кеңейтілген тізбесі, кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия сияқты бейін бойынша ересектер мен балаларды медициналық оңалту қолжетімді болады.