Қарағанды облысында карантиндік шаралар жеңілдетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27 сәуірден бастап президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен соң Қарағанды облысында да карантиндік режимді жеңілдету енгізілді. Бұл туралы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлімдеді.

Сала басшысының мәлімдеуінше, тек Теміртауда ғана ерекше жағдай сақталуда. Металлургтер қаласында қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, тек құрылыс нысандары, ТҚС, шиномонтаж шеберханалары, автожуу орындарына ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген.

Қарағанды облысының басқа қалалары мен аудандарына келетін болсақ, жеңілдіктер тұрғындарға саяжай учаскелеріне шығуға мүмкіндік береді, қоғамдық көлік жұмысын бастайды, өнеркәсіптік кәсіпорындардың, сондай-ақ бірқатар нысандардың қызмет көрсетуіне рұқсат береді.

Мысалы, тұрғындарға:
- санитарлық-эпидемиологиялық нормаға сай, сағат 05.00-ден 22.00-ге дейін адамдар көп жиналмай, аула маңында жаяу серуендеуге (қол алысып амандаспау, кемінде екі метр қашықтықты сақтау, міндетті түрде бетперде кию және антисептиктерді пайдалану);
- саяжай учаскелеріне шығу. 5 адамнан артық шығуға болмайды (өз балаларымен, туысқандарымен);
- Теміртаудан басқа, облыстың барлық аумағында жеке машиналарда рұқсат етілген қызмет түрлері бойынша жүруге болады. 22.00-ден 05.00-ге дейін жүруге тыйым салынады.

Теміртауда жеңіл автокөлікте таңертең, сағат 05.00-ден 10.00-ге дейін және кешкі сағат 17.00-ден 22.00-ге дейін, үйден жұмысқа дейін және кері қарай рұқсат етілген қызмет түрлері бойынша ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлеріне жүруге болады.

Қоғамдық көлік қала ішінде таңертең сағат 07.00-ден 10.00-ге дейін және кешке сағат 17.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Келесі ұйымдарға – адвокаттық кеңсе, нотариус, ТҚС, шиномонтаж шеберханалары, көлік жуу орындары, екінші деңгейлі банктер, ХҚКО қызметіне жұмыс істеуге рұқсат етілген.

Ауылшаруашылық техникасын, жабдықтарды көтерме саудамен сату қайта іске қосылды. Сондай-ақ тұқым, көшеттер және басқа да көшет материалдарын сату жөніндегі мамандандырылған дүкен мен бөлімдерге жұмыс істеуге рұқсат етілген.

Сауда нүктелерін ашпай, тек жеткізу режимінде тұрмыстық техника мен электр жабдықтарын, жануарларға арналған тауарларды, тұрмыстық химияны, қосалқы бөлшектер мен шығын материалдарын сатуға рұқсат етілген.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, жұмысты жаңартатын барлық кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, қатаң түрде алдын ала жазылумен ғана қызмет көрсетуі тиіс.

14 жасқа дейінгі балалардың ересектерсіз жүруіне тыйым салу әлі де қала береді. Отбасы мүшелерін қоспағанда, адамдардың (5 адамнан астам) жиналуына, саябақтар мен гүлзарлар аумағында серуендеуге тыйым салынады (тыйым салынған қызмет түрлерінің толық тізбесі №16 қаулыда көрсетілген).
Төтенше жағдайда қоғамдық қауіпсіздікті, карантин режимді қамтамасыз ету мақсатында Қанат Асқаров ата-аналар күнінде зиратқа бармауды ұсынды.

Осы жеңілдіктерге түсіністікпен қарауды сұраймын: қырағылықты жоғалтудың қажеті жоқ: жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда қауіпсіздіктің негізгі шарты әлеуметтік қашықтықты, облыстың әрбір тұрғынының жеке гигиена ережелерін қатаң сақтауы, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған объектілерде дезинфекциялық режимді сақтау маңызды болып қалатынын есте сақтаңыздар. Карантиндік режимнің орындалуын бақылау шаралары жалғастырылатын болады, – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №12, 13, 14, 15 қаулысының күші жойылғандығы хабарланған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы