Қарағанды облысында екі гемодиализ орталығы ашылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының Осакаровка ауданында және Абай ауданының Топар кентінде жаңа медицина мекемелері ашылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында ашылған емдеу мекемелері халықтың денсаулығын сақтауына атсалысатын болады.

Бұған дейін аталған елді мекендердегі созылмалы бүйрек жетіспеушілігі сырқатына шалдыққан науқастар өмірлері үшін қажетті емді облыс орталығына қатынап алуға мәжбүр болатын. Енді емделушілер тұрғылықты жерлеріндегі гемодиализ орталығына барып емделе алады.
Біздің Осакаров ауданының Орталық ауруханасының жанынан гемодиализ орталығының ашылғанына қуаныштымыз. Бұл аудан үшін айтулы оқиға. Бұрын ауданымыздың тұрғындары ем қабылдау үшін Қарағандыға немесе Теміртауға баратын. Енді жаңа орталықта сырқаттардың диализ алуына  қажетті заманауи құрал-жабдықтардың барлығы бар, - дейді Осакаров аудандық Гемодиализ орталығының меңгерушісі Ирина Пята.
Оскаров ауданындағы жаңа емдеу мекемесінің күніне 30-35 емделушіге дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Орталыққа Германиядан жаңа дәрі-дәрмектер жеткізілген.
Топар кентінде ашылған гемодиализ орталығы болса күніне 15 науқас қабылдай алады. Орталықта 7 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Бұрын бүйрек жетіспеушілігі ауруымен сырқаттанғандар Қарағанды, Шахтинск, Саран қалаларындағы клиникаларға аптасына бірнеше рет барып, ем қабылдайтын. Енді мұндай қиындықтар артта қалды. Топар кентінде аталған сырқатқа шалдыққан 20 емделуші бар. Сонымен қатар Топарға жақын елді мекендердің тұрғындары да орталықтың қызметін пайдалана алады, - дейді Гемодиализ орталығының аймақтық медицина директоры Жұлдыз Нұрсейітова.
Жалпы Қарағанды облысында қазіргі уақытта 13 гемодиализ орталығы жұмыс істейді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы