Қарағанды облысында егіс алқабы ұлғайтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы Қарағанды облысында көкөніс, бұршақ және дәнді дақылдар 1000,2 мың гектар жерге егіледі. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артық. Осы алаңның негізгі бөлігін - 895,5 мың гектарды дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алады. Майлы дақылдар - 28,1 мың гектар. Жем-шөп 64,5 мың гектар жерге егіледі. 10,6 мың гектар жерге картоп отырғызылады, бұл өткен жылға қарағанда 300 гектарға артық.Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов селекторлық режимде өткен аппараттық кеңесте егіс жұмыстарының басталуына дайындық туралы баяндады.
Оның айтуынша, барлық шаруа қожалықтары 96 мың тонна тұқыммен қамтамасыз етілген. Өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 6,5 мың тонна минералды тыңайтқыштар берілді.
Субсидиялауға жалпы сомасы 398,4 млн теңгеге 24 шаруа қожалығы өтінім берді. Оның ішінде 334 млн теңге төленді. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Сонымен қатар, аймақ шаруалары 2 млрд 461 млн теңге сомасына 80 несие алды. Барлық қажетті техника жұмыстың басталуына дайын. Облыста қажетті жанармай қоры бар.
Карантин жағдайында көктемгі дала науқанын уақтылы өткізу үшін ауыл шаруашылығы бағытындағы тауары бар жүк автокөліктерінің қозғалысы блок бекеттер арқылы, соның ішінде өңіраралық деңгейде санитарлық нормаларды сақтай отырып кедергісіз жүзеге асырылады. Мұнай базаларынан дизель отынын жеткізу "жасыл дәліз" қағидаты бойынша пысықталды, - деді Сағынжан Апақашов.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес өңірде ауыл шаруашылық техникасы мен қосалқы бөлшектерді жеткізу сервистері жұмыс істейді. Бөлшектерді әр шаруа қожалығынан бір адам жеткізе алады. Барлық деректер жедел әрекет ету орталығының PROPUSK.KZ ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Жалпы облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына дайындық жақсы деңгейде. Техника 100% дайын, жанармай толық көлемде бар. Кәсіпорын егіс науқанын қаржыландырды. Бұл науқанды өткізуге кедергі келтіретін ешқандай үлкен мәселелерді көріп отырған жоқпыз, - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Ол ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына күн сайын көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, өңір басшысы шаруа қожалықтарына жанармай жеткізу үшін кедергісіз және уақытылы жеткізілуіне қатысты тапсырма берді.