Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы дамуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына үш аудан қатысады: Жаңаарқа, Нұра және Ұлытау. Жұмыстар аудан орталықтарында жүргізілуде. Келесі жылы аталмыш бағдарламаға тағы төрт елді мекен қосылады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.
Жобаны іске асыру барысы туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Дұрсұн баяндады.
Атасу, Нұра кенттерінде және Ұлытау ауылында инженерлік желілер, мектептер, мәдениет үйлері, спорттық құрылыстар мен жолдар жөнделіп, жұмыс орындары құрылуда. Жаңаарқа ауданында 47, Нұра ауданында 44, Ұлытау ауданында 43 бос жұмыс орны ашылды.
Атасу кентінде жалпы ұзындығы 8,7 км болатын алты жолдың орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, 60 жарықтандыру тіректері орнатылды. Жөндеу жұмыстары бес жылумен қамту нысандарында, төрт жолда және екі балабақшада жалғасуда.
Нұра ауылында үш көшеде жарықтандыру тіректері орнатылды және «Нұра» стадионы жөнделді. Сонымен қатар балалар өнер мектебі, тарихи-өлкетану мұражайы, кентішілік жолдар мен «Тәуелсіздік» саябағында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қыркүйек айының соңына дейін ауданда тағы 31 бос жұмыс орны ашылады.
Ұлытау кентінде №1 орта мектеп жөнделді.
«2020 жылы «Ауыл - ел бесігі» жобасына қатысу үшін жоғары және орташа даму әлеуетіне ие төрт елді мекен анықталды, 27 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 9 білім беру, үш спорт нысандарын жөндеу және 15 автожолды қалыпқа келтіру жоспарланған», - деді Айжан Дұрсұн.
Ақтоғай кентінде 13 жоба, Қарағайлы кентінде - екі, Осакаровка кентінде - төрт, Ақсу - Аюлы кентінде - сегіз жоба жүзеге асырылады.
Өңір басшысы Ерлан Қошанов қала және аудан әкімдеріне 2020 жылға арналған қосымша жобалар тізімін құруды, сондай-ақ бағдарламаға қатысуы қажет ауылдардың тізімін жасауды тапсырды.