Қарағанды облысында археологтар қола дәуіріне жататын алтын бұйымдар тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының Шет ауданында Қызылтау қорымын зерттеу кезінде археологтар қола дәуіріне жататын алтын бұйымдар тапты. Бұл туралы аймақ басшысының ресми сайты хабарлады. 

Талды археологиялық паркінің ескерткіштерінде археологиялық қазба жұмыстары 2016 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Зерттеу жұмыстарын Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ археологтар тобы жүргізеді. Топ құрамында студенттер мен Шет ауданының тұрғындары бар. Биылғы жылы жұмыстар маусым айынан басталды. 

"Қорым бес қорғаннан тұрады, қазіргі таңда біз оның төртіншісін зерттеп жатырмыз. Табылған зират – өткен жылы табылған зират секілді жұпты болып келеді. Бірақ бұл жерде ер адам мен әйел бір-біріне бетпе-бет жатыр, ал алдыңғы жерлеу орнында олар бірінен соң бірі жатқан болатын. Мүмкін, табылған жас жұп ақсүйектер руына жатқан болар. Зират бай адамдарға тиесілі екені көрініп тұр, қыздың қолында ұштары бұратылған спиральға ұқсас білезіктер, ою-өрнегі бар дөңгелек солярлық салпыншақтар бар. Ал ең бастысы – онда алтын аспалар болған", - дейді археолог Игорь Кукушкин.

Жұптық жерлеу Қола дәуіріне – біздің дәуірге дейінгі II мыңжылдықтың бірінші үштен бірі немесе төрттен біріне жатады.

Археологтардың пікірінше, қорымда ең алдымен ақсүйек рудың өкілдері, билеушіге жақын орналасқан тұлғалар және күйме арбамен жүретін жауынгерлер жерленген. Жерлеу орындарында табылған сүйектердің үлгілері дәл даталануы үшін радиокөміртекті талдауға жіберілетін болады.

"Орталық Қазақстанда Беғазы-Дәндібай мәдениеті ең ауқымды болып саналады. Мұнда өте үлкен рулар мен тайпалар мекендеген. Бұл дөңгелек арба пайда болған кездегі батырлар дәуірі. Ол шабуылдар мен күрестер жиі орын алып тұрған беймаза уақыт болған, дәл сол кезде алдыңғы қатарға дөңгелек арба мінген жауынгерлер шыққан", - деп түсіндірді Игорь Кукушкин.  

Басқа олжалардың ішінде – қола білезіктер, пышақтар, әйелдерге арналған жапырақ тәрізді салпыншақ, қола моншақтар, жылқы әбзелдері бар.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Дәурен Жүсіпов осы жылы қорғандардың бірінде археологтар керамикалық ыдыс-аяқтарды тапқанын айтты. 

"Бұл Қаражартас-2 қорымының ерекше көзге түсетін алғашқы қорғаны. Біз оны биылғы жылы зерттедік. Біріншіден, қорған толығымен тастан қаланған. Оның диаметрі 21 метр, биіктігі - 2 метр. Екіншіден, онда құрылысы жақсы сақталып қалған, бұл қорған бірнеше қоршаудан жасалған. Тағы бір ерекшелігі - табылған заттар қабір шұңқырынан шыққан жоқ. Зерттеу нәтижесінде керамикалық ыдыстың 40-қа жуық фрагменті, ұштама тас, үш қырлы қола жебенің ұшы табылды. Керамика ерте темір дәуіріне жатады. Мұнда адамның сүйектері табылмаған. Яғни, жерлеу керек-жарақтарсыз және адам денесісіз болып шықты", - дейді Дәурен Жүсіпов.

Қорғанды қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын күзде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жерде тағы бір үйме салынады және Қорғанның кескіндемесі көрсетіледі. Бір жағынан оның табылғанға дейін қандай болғанын көруге болады. Ал екінші жағынан, қайта жаңартудан кейін қандай болғанын тамашалауға мүмкіндік беріледі. 

Қаражартас қорымында 2017 жылы тас пирамида табылған. Бұл Қазақстанның кейінгі қола дәуіріндегі ең ірі, сындарлы күрделі ғимараттардың бірі. 

"2018 жылы біз Пирамидада қалпына келтіру жұмыстарын жүргіздік. Қарағанды облысының әкімі мұнда ашық аспан астындағы археологиялық саябақ құруды тапсырды. Ол үшін үш жылдық бағдарлама әзірленді. Биыл мұнда бес экспедиция жұмыс істейді", - деді мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.

Бұл жерде 100 шақырым радиуста 200-ге жуық археологиялық ескерткіштер бар.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы