Қарағанды кәрістері қазақ халқына алғыс білдіретін естелік белгісін ашты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қарағанды облысының корейлерінен қазақ халқына алғыс» естелік белгісі ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Қала орталығында каскад алаңның жанында металдан соғылған лотостары бар монолитті тастан жасалған әдемі мүсіндік композиция пайда болды. Халықтар достығы мен ұрпақтар байланысын бейнелейтін ерекше сыйлықты өзінің 30-жылдығына орай корей орталығы жасады.

Нысанның ашылу рәсіміне облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мерейтойға келген құрметті қонақтар қатысты.



"Бүгін бізде өте маңызды оқиға орын алып отыр. Орталықтың 30 жылдығы қарсаңында біз қазақ халқына алғыс білдіру белгісін ашуды ұйғардық. Біз қазақтардың қуғын-сүргін кезеңінде кәріс халқының аман қалуына көмектескенін, баспана беріп, бір тілім нанын бөлісіп жегенін әрдайым есте сақтаймыз. Бұл естелік пен алғысымызды мұра етіп ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырамыз", - деді этнобірлестік құрылтайшыларының бірі Виктор Лим.

Қарағанды облыстық кәрістер этномәдени бірлестігінің төрайымы Лилия Кимнің айтуынша, алғыс айту идеясы бұрыннан пайда болған, алайда оны іске асыру мүмкіндігі мерейтойлық жылы туындаған.

Мүсіндік композиция қазақстандық кәрістердің бес ұрпағының сабақтастығын бейнелейді, деп атап өтті Орталық басшысы.

Тас - бұл жер аудару жылдарында корейлердің бастан кешкен қиындықтары мен табандылығы. Ол Сарыарқаның қасиетті жерін, қазақстандық кәрістердің жаңа ұрпағының өмірін бейнелейді. Сонымен қатар тас - бұл көмір, кеншілер астанасының нышаны.

Лотос - планетадағы ең көне гүл - кәрістердің ерекше сүйіспеншілігіне ие. Бұл өмірдің өрлеуінің, қайғы-қасіреттен босаудың, жаңғырудың, тазалықтың, пәктік пен гүлденудің белгісі.

"Біздің ата-бабаларымыз, қонақжай қазақ халқының, қасиетті жердің арқасында қиындықтарға төтеп бере алды және ауыр жылдарда қайғы жұтқанына қарамастан, жеңімпаз болып шығуымыз үшін қазақ жұрты барлық мүмкіндіктерді жасады. Сол ата-бабаларымыздың ұрпағы бүгінгі күні қоғамның түрлі салаларында еңбек етіп, өз Отанын сүйетін жаңа буын болып жалғасып келеді. Таза әрі пәк гүл бүрщігіндей жастарымыз күнге созылып, өсіп, жаңа биіктіктерді бағындырып, өз армандарын жүзеге асыратын болады", - деп атап өтті Лилия Ким.



Қарағандылық кәріс орталығы 1989 жылы қыркүйекте Қазақстанда алғашқылардың бірі болып құрылды. 30 жыл ішінде бірлестік айтарлықтай өсіп, қоғамда беделге ие болды. Қала мен облыста бірде-бір мереке, бірде-бір қоғамдық акция оның қатысуынсыз өтпейді. Корей орталығының шығармашылық ұжымдары тек облыста ғана емес, одан тыс жерлерде де белгілі. Достық үйінде корей тілінің жексенбілік мектебіне түрлі ұлт өкілдері қатысады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы