Қарағанды бір мезетте бірнеше көлік соқтығысып қалды
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Ақпан айының 17-18 күндері ауа-райының қолайсыздығы салдарынан аймақта бірнеше жол апаты орын алды, жол-көлік оқиғасы салдарынан 4 адам қаза тауып, бірнеше адам дене жарақатымен ауруxанаға жеткізілген.
Кешеден бері ауа-райының күрт бұзылуы қарағандылық көлік жүргізушілеріне оңай соқпады. Ұйытқыған боран мен төпелеп жауған қар барлық бағыттағы тасжолдардың жабылуына әкелді. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметінің ескертпесіне қарамастан жолға шыққандар да бар. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрмақшы болған бірнеше көлік қар құрсауында қалып, жол апатына ұшырады. Қаза болғандар мен зардап шеккен бар.
«Ағымдағы жылы 17 ақпанда сағат 17.00 шамасында «Қарағанды-Атасу» тасжолының бойында Ақой кентінен 15 шақырым қашықтықта Қарағанды қаласына қарай бағыт алған «Ауди -100» автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, 37 жастағы облыс тұрғынының басқаруындағы «Мазда» автокөлігімен соқтығысқан. Алдын ала болжам бойынша, жол апатына «Ауди-100» көлігінің жүргізушісінің жолдың тайғақтығы салдарынан тізгінге ие бола алмай қалуы себеп болған. Жол –көлік оқиғасы салдарынан «Ауди-100» автокөлігінің төрт жолаушысы алған дене жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмса, «Мазда» автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді», - дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз xатшысы Бақытжан Құдияров.
Сондай-ақ, бүгін «Қарағанды-Астана» тас жолында Теміртау қаласынан 4 шақырым қашықтықта қар алып қалған жерге 39 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «Фольксваген пассат» көлігі тұрып қалған. Жол бойында тұрған «Фольксвагенге» «ВАЗ-2115» және «Лада Приора» автокөліктері соқтығысқан. Одан кейін бұл көліктерге «Мерседес» жүк көлігі соғылған. Алдын ала болжам бойынша көліктердің соқтығысуына ауа-райының қолайсыздығы салдарынан жолдың көрінбеуі себеп болған.
«Жол-көлік оқиғасында қаза болғандар жоқ, қалалық ауруханаға зардап шеккен 2 адам жеткізілді. Сондай-ақ, жоғарыда болған жол-көлік оқиғасынан 50 –метр қашықтықта тағыда 6 автокөлік соқтығысқан. Аталған жерде полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр», - дейді Бақытжан Құдияров.
Қарағанды облысы Полиция департаменті ауа райының күрт өзгеруіне байланысты көлік жүргізушілерге жол жүру ережелерін сақтап, жылдамдықты шектен тыс асырмауларын сұрайды.
Жібек Мұқашева
Фото: шартты