«Әр туындым өз балам сияқты»: Алматыда белгілі суретші Бәтима Зәуірбекованың жеке көрмесі ашылды
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі суретші Бәтима Зәуірбекованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Мұра жіптері» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозицияда қылқалам шеберінің көпжылдық шығармашылық жолын айшықтайтын туындылары ұсынылып, ұлттық мұра мен дәстүр сабақтастығы көркем өнер арқылы көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі іс-шараға қала әкімі Дархан Амангелді арнайы келіп, Бәтима Зәуірбекованы құттықтап қайтты.
Бәтима Зәуірбекова ұлттық гобелен өнерінің қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан дарынды суретші. Оның шығармашылығында қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, отбасы құндылығы көрініс тауып отыр. Суретші ұлттық сәндік қолтаңбалы өнер дәстүрін заманауи көркемдік ғылыми оймен қалыптастырып, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Шебердің туындылары елімізде ғана емес, Франция, Швеция, Түркия сынды елдерде таныстырылды, - дейді қала басшысы.
Сонымен қатар, көрменің ашылу салтанатына Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева келіп, өнер иесін құттықтап, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың құттықтауын жеткізді.
Бәтима Зәуірбекова бұл күнді асыға күткенін атап өтті.
Мен үшін бұл күн – үлкен мереке. Көптен бері көрмеген еңбектерімді көріп отырмын. Олардың әрқайсы менің балам сияқты болып кеткен. 40-50 жылдан бері көрмеген туындыларым да бар. Жан-жақтан, шетелден қаншама адам келіп жатыр. Бұл күрделі көрме деп айтсам болады, - дейді Бәтима Зәуірбекова.
80 жылдық мерейтойға арналған көрмеде үш үлкен залдан тұрады. Экспозицияда шебердің гобелендері, кескіндік жұмыстары, графикалық туындылары мен архивтік суреттерімен толықтырылған.
Көрмеде өнер иесінің 80-нен астам шығармашылық туындысы қойылған. Көрермендер 1970-жылдардан бастап бүгінге дейінгі уақытты қамтитын шығармашылық жолымен, ізденісімен таныса алады.
Бәтима Зауірбекованың негізгі тақырыптарының бірі – әйел бейнесі. Музейде бір зал арнайы әйел бейнесіне арналған.
Әйел адам сұлулық символы ретінде, ана бейнесі, жылулық пен мейірімнің бастауы ретінде Бәтима Зәуірбекованың шығармашылығындағы айрықша образға айналған.
Сонымен қатар, "Мұра жіптері" көрмесіне өнер иесінің шығармашылығына арналған үш басылым кітап жарық көрген. Ол кітаптармен көрме экспозициясында танысуға болады.
Музыка оған әрдайым шабыт берген. Тіпті бала кезінен музыкант болуды армандаған, өнердің қай бағытын таңдауы керектігі туралы ойланған кездері де болған екен.
Алайда музыка суретшінің туындыларында өмір сүріп келеді. Оның жұмыстарынан әуезділік анық сезіледі: толқын тәрізді сызықтар, ерекше ырғақ пен динамика шығармаларға жан бітіріп тұрғандай әсер қалдырады.
Туындылары өте шынайы, жылы әрі өмірге толы. Сол арқылы суретшінің өнерге, өмірге деген сүйіспеншілігі анық байқалады.
«Мұра жіптері» атауының өзі көрменің мазмұнын дәл ашады. Бұл – өткеніміз бен бүгінімізді, болашағымызды байланыстыратын сабақтастықтың жіптері. Өткен тарихымыз қазіргі күннің де, келешектің де берік іргетасы болып саналады.
Сонымен қатар бұл атау гобелен өнерінің табиғатымен де үндеседі. Себебі гобеленнің негізі мен арқау жіптері бір-бірімен тоқылып, тұтас көркем туындыны дүниеге әкеледі.
Ал ауқымды мағынада алғанда, «мұра жіптері» әр адамның өмір жолын да бейнелейді.
Әрбір адам – өз тағдырының өрнегін тоқып жатқан шебер.
Әркімнің өмірі өзіндік бояуы мен бедері бар қайталанбас туынды іспетті.