Әр тұрғынға 1 млн доллар: Трамп Гренландияны сатып ала ала ма?
АҚШ-та Дональд Трамптың Гренландияны сатып алу туралы бастамасы қайта-қайта көтеріліп келеді. Бірақ мәселе тек «аумақ сатып алу» мәселесімен шектелмейді. Бұл тақырыптың ар жағында АҚШ үшін әлдеқайда терең геосаяси әрі экономикалық мақсаттар жатыр. BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
АҚШ-тың бірінші мақсаты – аумақ пен акваторияны кеңейту
Халықаралық сарапшы Таир Нигманов Гренландия төңірегіндегі әңгімені екі негізгі бағытқа бөліп қарастыру қажет екенін айтады: біріншісі – аумақтық және қауіпсіздік мақсаттары, екіншісі – аралдың өзі және оның ресурстық әлеуеті.
Таир Нигманов Гренландияны АҚШ үшін аса маңызды ететін факторлардың бірі – оның көлемі ғана емес, дәл арал болуы екенін атап өтті.
Гренландия – өз алдына ең үлкен арал. Бірақ ең маңыздысы – Гренландияның дәл арал болуы, яғни бұл жерде аумақтық сулар ұғымы ерекше мәнге ие, – дейді халықаралық сарапшы.
Оның түсіндіруінше, аумақтық сулар – белгілі бір мемлекеттің меншігі саналатын және жағалау сызығынан 12 теңіз милі қашықтықтағы су айдыны.
Сарапшы Гренландия АҚШ құрамына өтсе, Америка аумақтық суларын айтарлықтай кеңейтетінін айтады. Бұл тек Атлантикада ғана емес, әсіресе Арктикада өз ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді.
Егер Гренландия АҚШ құрамына өтсе, онда АҚШ өз аумақтық суларын едәуір кеңейтеді. Оның үстіне бұл кеңею Атлантикада ғана емес, ең бастысы Арктикада да жүзеге асады, – деп түсіндірді Таир Нигманов.
Арктика үшін "жарыс": Солтүстік теңіз жолы мен ресурстар факторы
Сарапшы соңғы екі онжылдықта Арктикаға қатысты геосаяси тартыс күшейгенін айтады. Оның сөзінше, бүгінде Арктика үшін өзінше бір «бәсеке», «жарыс» жүріп жатыр.
Бұл жерде ең маңызды факторлардың бірі – Солтүстік теңіз жолы. Таир Нигманов бұл бағыттың қауіпсіздігіне арнайы тоқталды.
Бұл – Солтүстік теңіз жолы. Ол дауыл мен қарақшылық тұрғысынан салыстырмалы түрде қауіпсіз бағыт, – дейді сарапшы.
Ол пираттар қаупі болатын аймақтарға мысал ретінде Сомалиді еске алып, оған қоса Йемен маңында хуситтердің кемелерге зымыранмен шабуыл жасайтынын атап өтті.
Ал Арктикада мұндай қауіп жоқ екенін айтады.
Арктикада қарақшылар физикалық тұрғыдан мүлде болмайды. Оның үстіне онда дауыл да болмайды, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, Арктикада мұзға кептеліп қалу қаупі болғанымен, ол жақта мұзжарғыштардың сүйемелдеуімен керуен болып жүру тәжірибесі қалыптасқан. Бұл бағыт бәрібір жылдам жол болып қала береді.
Онымен қоса Арктиканың өзі табиғи ресурстарға бай. Сондай-ақ Арктикаға қатысты құқық шектес аумақтарға тәуелді екенін еске салды.
Арктикаға құқық көршілес жатқан аумақтарға байланысты қалыптасады. Яғни Арктикамен шектесетін территорияң қаншалық көп болса, Арктикаға деген “құқығың” да соғұрлым көп деген сөз, – деп түсіндірді халықаралық сарапшы.
Гренландия арқылы АҚШ қауіпсіздігін күшейту
Таир Нигмановтың айтуынша, Гренландияның тағы бір аумақтық маңызы – АҚШ қауіпсіздігімен тікелей байланысты.
Ол Дональд Трамп жиі қозғайтын аргументті нақтылап өтті: егер АҚШ-қа Ресей аумағынан зымырандық соққы жасалуы мүмкін болса, Гренландияға зымыранға қарсы қорғаныс және әуе қорғанысын орналастыру арқылы ықтимал зымырандардың едәуір бөлігін ұстап қалуға болады.
Егер АҚШ-қа Ресей аумағынан қандай да бір зымырандық соққы жасауға әрекет болса, Гренландияға көп көлемде зымыранға қарсы қорғаныс және әуе қорғанысын орналастыру арқылы олар ықтимал зымырандардың едәуір бөлігін атып түсіре алады, – дейді Таир Нигманов.
Сарапшы осы арқылы АҚШ қауіпсіздігі едәуір күшейетінін атап өтті.
Бұл АҚШ-тың қауіпсіздігін шынымен де қатты күшейтеді. Территория мен акваторияны кеңейту тұрғысынан қарағанда, Гренландия – Америка үшін нағыз сыйлық, – деп түйіндеді ол.
Екінші мақсат – ресурстар: халқы аз, аралы үлкен
Халықаралық сарапшының пікірінше, АҚШ үшін маңызды екінші аргумент – Гренландияның өзіндегі мүмкіндіктер.
Екінші аргумент – Гренландияның өзі.
Яғни Гренландия – алып арал, бірақ онда бар болғаны 50 мың адам ғана тұрады. Гренландия пайдалы қазбаларға бай. Бірақ жоғарыда айтқан себептерге байланысты оларды кең көлемде игеру бұрын аса дамымаған. Сондықтан бұл да өте маңызды фактор, – деді халықаралық сарапшы.
Дания үшін қиын жағдай: автономия бар, бірақ тәуелділік те күшті
Таир Нигманов Гренландия мәселесі Дания үшін оңай емес екенін атап өтеді.
Оның айтуынша, аралда небәрі 50 мың адам тұрады және Гренландия Копенгагеннен келетін дотацияға өте қатты тәуелді.
Гренландия Копенгагеннен келетін дотацияға өте қатты тәуелді, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы Гренландияның саяси автономия деңгейі жоғары екенін және тәуелсіздік мәселесін бұрыннан көтеріп келе жатқанын атап өтті.
Гренландия – тәуелсіздігін қатты талап ететін өңір. Тіпті АҚШ-тың бүкіл осы “Гренландияны алу” туралы әңгімесі басталмай тұрып-ақ, Гренландия Даниядан бөлініп шығу идеясын жеткілікті дәрежеде белсенді түрде алға тартып келген, – деп түсіндірді ол.
"Трамп Данияға көмектесіп жіберді": митингтердің бағыты өзгерді
Сарапшының айтуынша, бұл тұста Дональд Трамптың бастамасы күтпеген нәтижеге әкелген. Яғни ол белгілі бір деңгейде Данияға «пайда» тигізді.
Дональд Трамп Данияға, бір жағынан алғанда, қатты "көмектесіп жіберді". Өйткені қазір митингтер тәуелсіздік үшін емес, керісінше, Дания құрамында қалу үшін өтіп жатыр, – дейді Таир Нигманов.
Ол гренландиялықтардың өз бетімен өмір сүре алмайтынын жақсы түсінетінін айтады.
Гренландиялықтар бір нәрсені өте жақсы түсінеді: олар өз бетімен өмір сүре алмайды, – деді сарапшы.
Сөйте тұра, ол Гренландия халқының тәуелсіздікке ұмтылуы заңды екенін атап өтті.
Бұл – олардың толық құқығы, тек бәрі БҰҰ Жарғысына сәйкес болса болғаны, – дейді ол.
Формалды сатып алу ма, әлде қаржылық тәуелділік пе?
Таир Нигманов қазіргі әлем жағдайында аумақты сатып алу емес, қаржылық ықпал ету әлдеқайда қолжетімді құралға айналғанын айтады. Бірақ бұл жерде мәселе біржақты емес екенін де атап өтеді.
Қаржылық тәуелділік – шекараны өзгертпей-ақ белгілі бір аумақты, тіпті тұтас мемлекетті бақылауға мүмкіндік беретін құрал, – деп түсіндірді сарапшы.
Ол қазіргі заманда аумақтық шекараларды өзгерту өте қиын екенін, әрі оған ешкім оңайлықпен келіспейтінін айтты. Сондықтан экономикалық ықпал ету қолжетімді болғанымен, оның да әлсіз тұстары бар.
Экономикалық ықпал ету – әлдеқайда қолжетімді құрал. Бірақ оның да проблемалары бар, – дейді Таир Нигманов.
Сарапшы негізгі айырмашылықты: аумақ сенің нақты бақылауыңда ма, әлде жоқ па? дегеннің аражігін ажыратып алу керектігін алға тартты.
Ең бастысы – мәселенің түпкі айырмашылығы мынада: бұл аумақ сенің нақты бақылауыңда ма, жоқ па? – дейді ол.
Оның айтуынша, толық бақылаудағы аумақта сен өзің қалағаныңды жасай аласың. Ал қаржылық ықпал жағдайында мемлекет саған қарыз болса да, бәрібір тәуелсіз саясат жүргізе алады.
Бір мемлекет саған қанша қарыз болса да, ол бәрібір өз бетінше қандай да бір тәуелсіз саясат жүргізе алады, – деп түсіндірді сарапшы.
Таир Нигмановтың пайымынша, Трамптың Гренландияға қатысты ұстанымында екі негізгі логика бар: бірі – аумақ пен акваторияны кеңейту арқылы Арктикадағы құқық пен ықпалды күшейту, әрі АҚШ қауіпсіздігін арттыру; екіншісі – халқы аз, бірақ ресурсы мол алып аралдың әлеуетін бақылау.
Ал Дания үшін бұл мәселе күрделі: Гренландия саяси автономиясы жоғары болғанымен, қаржылық тұрғыда Копенгагенге тәуелді. Сарапшының айтуынша, қазіргі жағдайда территорияны формалды сатып алу өте қиын, сондықтан қаржылық тәуелділік құрал ретінде қолжетімді. Бірақ оның өзі толық бақылаумен тең емес – шешім қабылдау еркіндігі бәрібір сақталады.