Әр тасталған қоқыстың табиғатқа зияны бар – эколог
Көктем келсе, өзен бойында серуендеуге құмартатындардың қатары артады. Дегенмен оқта-текте кейбір жауапсыз тұрғындардың өзен арнасын қоқысқа толтырып, әдепсіздік танытқанын көзіміз шалып қалады. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Жас Экопатруль басшысы Әділ Нұрпейісовпен сұхбаттасқан еді.
-Алматы қаласындағы өзендерде қоқыс қалай шығарылады?
-Жас экопатруль жасақтары мониторинг өткізген болатын. Тексеріс барысында көптеген заңсыз қоқыс үйінділерін, мемлекеттік жерлерді заңсыз басып алу фактілері анықталды. Сондай-ақ әр сәрсенбі сайын Алматы қаласы Экология департаментінің бастамасымен өзен-көлдің маңайына тексеріс жүргізіледі. Мониторингтік жұмыстардың арқасында өзендердегі қоқысты тазартып, қадағалап, отырамыз. Тұрғындардың арасында қоқысты бей-берекет тастамауға арналған түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Өзен арнасында тасталатын қоқыстың көпшілігі пластиктен жасалған бөтелкелер мен тұрмыстық қалдықтардан тұрады. Тіпті құрылыс материалдарын да судың жағасынан табуға болады. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында таудан, өзен-көлдерден 20 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды.
- Қоқысты өзенге тастағандар табиғатқа қандай зиян тигізеді? Сол жайында тоқтала кетсеңіз.
- Тұрғындар мен қала қонақтары қоқысты тастар алдында ойлану қажет. Алматылықтар таудағы өзендерден келетін суды ішіп, күнделікті тұрмыс-тіршілікте пайдаланады. Сондықтан аталған су арналарын таза ұстау қажет. Қоқыс үйінділері біздің жан-жақты микрофлорамызға кері әсерін тигізеді. Түрксіб ауданындағы өзендердің бірінде сенбілік өткізілген болатын. Сол кезде өзеннен қоқыс үйінділері мен мұнай қалдықтары табылды. Өздеріңіз білетіндей, маусым айында толассыз жаңбыр жауады. Жаңбырдың әсерінен арықтар мен өзендер толады. Олардың толып, арнасынан шығып кетуіне қалдықтардың жиналып қалуы әсер етеді. Сол себептен қалдықты тастар алдында қоғамға, адамдарға қаншама зиян келтіретінін түсінсе дейміз.
- Өзен бойына қоқыс тастағандарға айыппұл салына ма?
- Әрине, тау, өзен-көлдерге қоқыс тастағандарға Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жаза қарастырылған. Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын , сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзғандарға, жасыл екпелерді жойып, бүлдіргендерге жаза қарастырылған. Жеке кәсіпкерлерге, мысалы, 30 АЕК көлемінде, яғни 103500 теңге айыппұл салынады. Ал егер жеке тұлға болса, 69 мың теңге болады. Су қорғау белдеуіне заңсыз ғимарат салған жағдайда, әкімшілік хаттама толтырылады. Әкімшілік құқық бұзылса, 360-баптың 1-тармағы бойынша сотқа жіберіледі. Сот шешімі бойынша айыппұл салынып, құрылысты бұзу туралы шешім шығады.
– «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында 20 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Осы жайлы айта кетсеңіз.
– Науқан аясында өзен, көлдер мен су айдындары («Есентай», «Кіші және Үлкен Алматы», «Қарғалы», «Боралдай», «Ақсай», «Жарбұлақ» «Тіксай», «Қарасу», «Еременсай», «Тастыбұлақ», «Керен құлақ» өзендері, «Бекенбай», «Әбілғазы», «Ботбайсай», «Шыбынсай», «Терісбұлақ», «Беделбай», «Сайран» және Әуежай көлдері, Үлкен Алматы каналы, М2 және М1 каналдары және т.б.) жағалаулары жаппай тазартылып, 2 680 адам қатысты. Бұл жұмысқа барлығы 408 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, бір апта ішінде 20 120 текше метр қоқыс шығарылды.
- Әңгімеңізге рахмет!