"Әр науқастың алғысы – мен үшін ең үлкен марапат"
Ауыл медицинасының дамуы – елдің әлеуметтік әл-ауқаты мен халық денсаулығының айнасы. Бұл салада өз білімін халық игілігіне арнап жүрген жас мамандардың еңбегі әрдайым ерекше құрметке лайық. Солардың бірі – Жамбыл аудандық емхананың әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету және сауықтыру бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Қапарбекова. BAQ.KZ тілшісі жас болса да, үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген дәрігермен кәсіби жолы, ауыл медицинасы және өмірлік ұстанымы жайлы әңгімелескен еді.
– Жұлдыз, дәрігер болуға деген арманыңыз қашан қалыптасты?
– Дәрігер болуға деген арманым бала кезімнен қалыптасты. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ақ халатты абзал жан атануды мақсат еттім. Бұл жолды саналы түрде таңдадым. Адам жанына жанашырлықпен қарау, науқасқа тек ем емес, үміт сыйлау – менің өмірлік ұстанымыма айналды.
– Сіз үшін дәрігер мамандығы нені білдіреді?
– Дәрігер болу мен үшін жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік. Әрбір адам дәрігерге үміт пен сенім артып келеді. Сол сенімді ақтау – біздің басты міндетіміз. Әр науқастың мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Өйткені адамның денсаулығы – ең қымбат құндылық, негізгі байлық.
– Қабылдауыңызға келген науқастармен жұмыс істеуде қандай қағиданы ұстанасыз?
– Қабылдауға келген әрбір адамға жеке көңіл бөлуге тырысамын. Науқастың жағдайын жан-жақты түсіну үшін оның шағымын, барлық диагнозын мұқият тыңдау маңызды. Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі сырқаттанып келген адамға үлкен демеуғ күш-қуат бола алады. Сондықтан дәрігер тек ем тағайындап қана қоймай, рухани қолдау көрсете білуі керек деп ойлаймын.
– Ауылдық жерде дәрігер мен халық арасындағы қарым-қатынас қандай?
– Ауылдық жерде халықтың дәрігерге деген сенімі ерекше. Олар дәрігерді жақын жанындай көреді. Сол себепті кәсіби біліктілікпен қатар, адамгершілік қасиет те өте маңызды. Күн сайын түрлі тағдыр иелерімен кездесеміз. Әрқайсысының өз мәселесі, өз уайымы бар. Солардың бәріне түсіністікпен қарау үлкен шыдамдылықты талап етеді.
– Сіздің еңбек жолыңыз ауылмен тығыз байланысты. Бұл шешім қалай қабылданды?
– 2020 жылы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналастым. Осы өңірде еңбек жолымды бастадым. Бағдарлама аясында Аса ауылынан тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл жас маман үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік.
– "Дипломмен ауылға" жобасы сіз үшін қандай рөл атқарады? Мемлекеттік бағдарламаның маңызын қалай бағалайсыз?
– "Дипломмен ауылға" бағдарламасы маған үлкен сенім артты. Бұл – жас мамандарға көрсетіліп отырған нақты әрі маңызды қолдаудың бірі. Мемлекеттің қолдауын сезіну – жас дәрігер үшін үлкен мотивация. Ауылға келіп жұмыс істеу туралы шешім қабылдауыма да осы бағдарламаның ықпалы зор болды. Ауыл тұрғындарының мәселесі шаш-етектен. Мұнда сырқаттың да сан мың себеп-салдары бар. Ал аталмыш бағдарлама өмірді енді бастаған мен сияқты жас маманға жан-жақты болуға үлкен септігін тигізеді.
– Қазіргі қызметіңіз – әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету саласы. Бұл бағыттың ерекшелігі неде?
– Бұл сала тек кәсіби білімді ғана емес, үлкен жүректі, сабыр мен түсіністі талап етеді. Әрбір науқасты өз жақынымдай қабылдауға тырысамын. Әсіресе әлеуметтік-психологиялық көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету – басты міндетім. Ауыл тұрғындарының денсаулығы әрдайым назарымда. Кейде тән емес, жан ауруымен келетін жандар болады. Сол уақытта мейлінше түсіністік танытып, сөйлесу, тыңдау – ем іздеген жанға сенім береді.
– Әріптестеріңіз сізді талапшыл әрі әділ басшы ретінде сипаттайды. Өзіңіз бұл пікірге қалай қарайсыз?
– Ұжымда сыйластық пен жауапкершілік болуы керек деп есептеймін. Әр қызметкердің мүмкіндігін дұрыс бағалап, жұмысты тиімді үйлестіруге тырысамын. Жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеу – менің міндетім.
Бұл пікірді әріптестері де растайды. Аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Досмұханұлы Жұлдыз Қапарбекованың кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін ерекше атап өтеді.
Ол әрбір науқасқа бейжай қарамай, мәселенің түп-төркінін анықтауға тырысады. Жас болса да, бөлім жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыра алады. Күрделі жағдайда сабыр сақтап, нақты шешім қабылдай біледі, – дейді ол.
Ал әріптесі Бахыткүл Жоланқызы жас дәрігердің адами қасиеттеріне тоқталды.
Жұлдыз – талапшыл әрі әділ басшы. Сонымен қатар өте мейірімді, түсіністі жан. Әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету саласында оның орны ерекше. Тұрғындар арасында беделі жоғары, – дейді әріптесі.
– Кәсіби дамуға қалай көңіл бөлесіз?
– Медицина үнемі дамып отыратын сала. Сондықтан білімімді жетілдіру басты міндетім. Түрлі семинарлар мен байқауларға қатысамын. Бұл – тәжірибе жинаудың бір жолы.
Жас маманның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол облыс көлемінде "Ең үздік жас дәрігер", аудан деңгейінде "Ең үздік жас маман" атақтарына ие болды.
– Бұл марапаттарды қалай қабылдадыңыз?
– Бұл мен үшін жеткен жетістік емес, алға қойған мақсаттарға бастар жаңа белес. Ауыл тұрғындарының алғысын естігенде, еңбегімнің зая кетпегенін түсінемін. Бұл – мен үшін ең үлкен марапат.
– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?
– Алдағы мақсатым – тұрғындарға сапалы медициналық әрі психологиялық көмек көрсету деңгейін одан әрі арттыру. Ауыл медицинасының дамуына өз үлесімді қоса беру – өмірлік мақсатым.
Жұлдыз Қапарбекова – бүгінгі ауыл медицинасының бет-бейнесін айқындайтын жас буын өкілдерінің бірі. Оның еңбекқорлығы мен кәсібіне деген адалдығы – жастарға үлгі. Осындай білікті мамандардың арқасында ауыл тұрғындарының денсаулығы нығайып, медициналық қызмет сапасы арта бермек.