Қар көшкінінің алдын алу жұмыстары жүргізілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы тауларында Шымбұлақ аумағында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар көшкінінің алдын алу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
"Қазгидромет" РМК-ның 17 ақпандағы ұсынысы негізінде "Қазселденқорғау" ММ қар көшкінінің алдын алу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Кіші Алматы өзенінің бассейніне 15000 текше метр қар түсірілген. Мамандардың айтуынша енді бұл жерлерде қардың қалыңдығы мен көшкін қауіп төндірмейді. Алдын алу жұмыстары кезінде ешкім зардап шеккен жоқ.
Жалпы, Алматы облысында 160-тан астам көшкінге қауіпті учаскелер бар, олардың ішінде Үлкен Алматы және Кіші Алматы шатқалдарында орналасқан 18 учаске қала тұрғындары мен туристерге қауіпті.
"Қазгидромет" РМК және "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесі қар көшкінінің жағдайын үнемі қадағалап отырады. Төтенше жағдайларды жою үшін арнайы құрылымдар базасында 30 адамнан және 20 арнайы техникадан тұратын жедел механикаландырылған топ құрылып, тұрақты күзетке қойылды, - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.
2020 жылдан бастап қала әкімдігінің қолдауымен төтенше жағдайлар департаменті көшкін қаупін бақылаудың автоматтандырылған жүйесін құруды әзірлеуге кірісті, ол әрі қарай енгізілетін сел қаупін бақылау жүйесімен біріктіріледі.
Мамандар таулы аудандарға түсетін жауын-шашынның әсерінен өздігінен көшкіндер болуы мүмкін екендігін ескерткен. Осыған байланысты, ТЖД мамандары демалушыларды қар көшкіні жиі орын алатын таулы аймақтарды өз бетінше аралауда сақ болуға шақырады.