Әр бала – ел болашағы: Қазақстандағы демографиялық саясат қандай жолда?
Қазақстан демографиялық тұрғыдан әлеуеті жоғары мемлекет.
Демография – мемлекеттің стратегиялық болашағын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Қазақстан үшін бұл мәселе айрықша маңызға ие. Ұлан-ғайыр аумақ, аймақтар арасындағы халық тығыздығының әркелкілігі, көші-қон үдерістері мен әлеуметтік өзгерістер – барлығы жүйелі әрі ұзақмерзімді демографиялық саясатты талап етеді. BAQ.KZ тілшісі осы тақырыпты зерделеп көрген еді.
21 миллиондық меже: өсім бар, бірақ қарқын баяулай ма?
Соңғы жылдары ел халқы 21 миллионға жуықтады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша халық саны шамамен 20,6 миллион болса, 2026 жылғы бағалау 21 миллионнан асқанын көрсетеді. Жылдық өсім 1-1,3 пайыз шамасында. Орташа жас – 29-30 жас аралығы. Бұл Қазақстанды әлі де «жас мемлекеттер» қатарына қосады. Яғни елде еңбекке қабілетті тұрғындар үлесі жоғары, демографиялық «терезе мүмкіндігі» (демографиялық дивиденд) кезеңі сақталып отыр. Мұндай кезең экономикалық серпін беруге қолайлы саналады: жұмыс күші жеткілікті, тұтыну нарығы кеңейеді, әлеуметтік белсенділік артады.
2024 жылы елде 365,9 мың сәби дүниеге келіп, 132,9 мың адам қайтыс болды. Табиғи өсім 233 мың адамды құрады. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі емес, бірақ тұрақты оң динамиканың сақталғанын білдіреді. Алайда 2025 жылы туу көрсеткіші 329,6 мыңға дейін төмендеп, табиғи өсім 196 мың шамасында болды. Яғни бір жыл ішінде табиғи өсім шамамен 37 мың адамға азайған. Бұл – демографиялық өсім сақталғанымен, оның қарқыны баяулағанын аңғартады.
Мұндай құбылыс кездейсоқ емес. Сарапшылардың пікірінше, 2021 жылғы «беби-бумнан» кейін туу санының азаюы заңды құбылыс. Пандемия кезеңінде кейінге қалдырылған босанулар белгілі бір жылдары статистикалық өсім берді. Карантин кезінде отбасылар үйде көбірек уақыт өткізіп, кейінге шегерілген жоспарлар жүзеге асты. Бірақ бұл ұзақмерзімді тренд емес еді. 2023 жылдан бастап көрсеткіштер біртіндеп тұрақты деңгейге түсті.
Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық факторлар да әсер етуде. Қала халқының үлесі артқан сайын, бала санының азаю үрдісі күшейеді. Урбанизация жағдайында тұрғын үй бағасы, балабақша мен білім беру шығындары, медициналық қызмет құны – барлығы жас отбасылардың шешіміне ықпал етеді. Қазіргі жастар баланың санына емес, оның сапалы тәрбиесі мен білім алуына басымдық береді. Екі-үш балалы модель біртіндеп әлеуметтік нормаға айналып келеді.
Тағы бір маңызды фактор – әйелдердің еңбек нарығындағы белсенділігі. Жоғары білім алатын, мансап құратын әйелдердің үлесі артқан сайын, алғашқы баланы дүниеге әкелу жасы ұлғаяды. Бұл өз кезегінде жалпы туу коэффициентінің төмендеуіне әсер етеді. Орташа ана болу жасының артуы – дамушы елдерге тән құбылыс.
Туу көрсеткіші: алмастыру деңгейінен жоғары, бірақ...
Қазақстандағы жиынтық туу коэффициенті шамамен 2,8-3 бала деңгейінде. Бұл ұрпақтың табиғи алмастыру көрсеткіші саналатын 2,1 деңгейінен жоғары. Яғни демографиялық тұрғыдан Қазақстанның әлеуеті сақталып отыр деген сөз. Көптеген Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 1,5-тен де төмен екенін ескерсек, Қазақстан посткеңестік кеңістікте туу қарқыны салыстырмалы түрде жоғары мемлекеттердің қатарында.
Алайда бұл орташа көрсеткіш ел ішіндегі жағдайды толық ашып көрсетпейді. Өңірлік айырмашылық айқын. Түркістан және Маңғыстау облыстарында туу коэффициенті республикалық деңгейден әлдеқайда жоғары. Бұл өңірлерде көпбалалы отбасы дәстүрі сақталған, халықтың орташа жасы төмен, ауылдық тұрғындар үлесі басым. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында туу көрсеткіші төмендеу. Мұнда халықтың қартаю үрдісі күштірек, жастардың басқа өңірлерге көшуі жиі кездеседі.
Аймақтар арасындағы мұндай алшақтық тек демографиялық емес, экономикалық мәселе де болып отыр. Бір өңірде мектеп пен балабақша жетіспесе, енді бірінде оқушы саны азайып, әлеуметтік инфрақұрылым бос қалады. Еңбек нарығы да теңгерімсіз қалыптасады: оңтүстікте жұмыс күші артық, солтүстікте тапшылық байқалады. Сондықтан демографиялық саясат аймақтық даму стратегиясымен тығыз байланыста қарастырылуы тиіс.
Әлеуметтанушылардың айтуынша, бүгінгі жас буынның құндылықтары да өзгерген. Егер бұрын көпбалалылық әлеуметтік норма болса, қазір «сапалы ата-ана болу» ұғымы алдыңғы орынға шықты. «Қазіргі ата-ана үшін баланың көп болуы емес, оның сапалы білім алуы, жайлы жағдайда өсуі маңызды» дейді сарапшылар. Баланы жеке дамытуға, қосымша білімге, тіл үйренуге, денсаулыққа жұмсалатын шығын артқан сайын, отбасы саны емес, мүмкіндігін есепке ала бастайды.
Қартаю үрдісі және өмір сүру ұзақтығы
Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 74,8 жасқа жетті: әйелдерде – 78,8 жас, ерлерде – 70,6 жас. Бұл көрсеткіштердің өсуі – тәуелсіздік жылдарындағы денсаулық сақтау жүйесінің жаңғыруының нақты нәтижесі. Ана мен бала өлімінің азаюы, кардиохирургия, трансплантология, онкологиялық қызметтің дамуы, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі – барлығы халықтың өмір жасын ұзартып отыр. Бұл тұрғыда Қазақстан аймақтағы бірқатар елдермен салыстырғанда оң динамика көрсетуде.
Алайда көрсеткіштің ішкі құрылымы алаңдатпай қоймайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы өмір сүру ұзақтығының айырмасы 8 жылдан асады. Ер азаматтардың 70 жастан енді асуы – демографиялық және әлеуметтік мәселе. Ерте өлім-жітімнің негізгі себептері ретінде жүрек-қан тамырлары аурулары, инсульт, онкологиялық дерттер, сондай-ақ темекі мен алкоголь тұтыну аталады. Сарапшылар ерлер денсаулығына қатысты профилактикалық мәдениеттің әлсіздігін де атап өтеді: уақытылы тексерілмеу, дәрігерге кеш жүгіну – қауіп факторларын күшейтеді.
Бұл жағдай тек медициналық емес, экономикалық салдарға да ие. Ер азаматтардың еңбекке қабілетті жаста қайтыс болуы жұмыс күшінің азаюына, отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан демографиялық саясат тек туу көрсеткішіне емес, өмір сапасы мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Неке мен ажырасу: отбасы тұрақтылығы сынға түсе ме?
Соңғы жылдары некеге тұру көрсеткіші салыстырмалы түрде тұрақты болса да, ажырасу деңгейі көңіл көншітпейді. 2025 жылы 45 мыңнан астам неке тіркелсе, ажырасулар саны да осы деңгейде болды. Бұл – отбасы институтының беріктігіне қатысты маңызды сигнал. Мұндай тенденция қоғамда әлеуметтік, экономикалық және психологиялық факторлардың әсерін көрсетеді: жастардың өмірлік жоспарлары, материалдық қиындықтар, урбанизация, мансапқа басымдық беру сияқты аспектілер некенің ұзақ мерзімге сақталуына кедергі келтіруі мүмкін.
Демографиялық саясат тек туу санын көбейтуді ғана көздемей, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталуы қажет. Мысалы, жас отбасыларға тұрғын үймен қамтамасыз ету, бала тәрбиесі мен білім алу үшін әлеуметтік қолдау көрсету маңызды. Сонымен қатар әкелердің жауапкершілігін арттыру, отбасылық өмірге жастарды психологиялық және қаржылық тұрғыда дайындау – ұзақмерзімді шешімдердің бірі болып саналады.
Әлеуметтік психологтардың пікірінше, отбасылық тұрақтылық тек материалдық қолдаумен емес, қатынастар мәдениетімен, баланы тәрбиелеуге дайындықпен, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығымен де байланысты. Сондықтан демографиялық саясат кешенді, қоғамның нақты қажеттіліктеріне бейімделген болуы тиіс. Тек осы жағдайда ғана некелер ұзаққа созылып, бала тәрбиесі сапалы, халық санының өсуі тұрақты болады.
Бала өлімі мен денсаулық көрсеткіштері
2024 жылы 1 жасқа дейінгі сәбилер өлімі 2 524 жағдайды құрап, 1000 тірі туғанға шаққанда 6,8 болды. 5 жасқа дейінгі балалар арасында 3 404 өлім тіркелді. Бұл – соңғы онжылдықтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Яғни Қазақстан балалар денсаулығын қорғау бағытында белгілі бір нәтижеге қол жеткізді деуге негіз бар.
Мамандардың айтуынша, сәбилер өлімінің төмендеуіне перинаталдық орталықтардың жаңаруы, жүкті әйелдерді скринингтік тексеруден өткізу жүйесінің жетілдірілуі, ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің қолжетімділігінің артуы ықпал еткен. Неонатология саласының дамуы, шала туған нәрестелерді аман алып қалу технологиялары да оң әсерін тигізді.
Алайда бұл мәселе толық шешілді деуге ерте. Балалар өлімінің негізгі себептері қатарында туа біткен ақаулар, тыныс алу жүйесі аурулары, инфекциялық дерттер және жүктілік кезіндегі асқынулар бар. Әсіресе шалғай ауылдарда медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі әлі де өзекті проблема болып отыр. Сарапшылар ана денсаулығы мен әлеуметтік жағдайының баланың өміршеңдігіне тікелей әсер ететінін алға тартады.
Қазақстан демографиялық тұрғыдан әлеуеті жоғары мемлекет. Туу коэффициенті жеткілікті, халық саны өсіп келеді, өмір сүру ұзақтығы артуда. Бірақ өсім қарқынының баяулауы, аймақтық теңсіздік, халықтың қартаюы және отбасы тұрақтылығы секілді мәселелер жаңа саясаттық шешімдерді қажет етеді.
Демография – жай статистика емес. Бұл – әр отбасының болашағы, әр баланың тағдыры, мемлекеттің ертеңі. Сандық өсім маңызды, бірақ сапалы ұлт қалыптастыру одан да маңызды. Егер демографиялық саясат әлеуметтік әділеттілікпен, экономикалық тұрақтылықпен және адами капиталды дамыту стратегиясымен ұштасса, Қазақстанның келешегі берік болмақ.