Ақжарқын Тұрлыбай елге қайтарыла ма? – Бас прокуратура мәлімдеме жасады
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев 2025 жылғы 30 қазанда Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық азаматша Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері оған бұған дейін Қазақстан тарапы Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысы бар Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунды экстрадициялау бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын еске салып, қазіргі уақытта бұл процестің қандай деңгейде тұрғанын сұрады.
Бұл іс және алдыңғы жылдардағы өзге де істер біздің назарымызда. Ақжарқын ісі де бақылаудан тыс қалмайды. Біз экстрадиция мәселесін соңына дейін жеткіземіз. Бұл ретте белгілі бір рәсімдер бар: алдымен Интерпол іздеудегі адамның қай жерде жүргенін анықтайды, содан кейін экстрадиция процесі басталады. Қазір біз оның нақты мекенін анықтауды күтіп отырмыз. Орналасқан жері белгілі болған сәттен бастап экстрадицияға қатысты шараларды бірден қолға аламыз, – деп атап өтті Ғалымжан Қойгелдиев Сенаттың кулуарында.
Сонымен қатар ол егер қандай да бір тарап жауап беруді кешеуілдетсе, Бас прокуратура дипломатиялық арналары арқылы ресми хаттар жолдайтынын түсіндірді. Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, мұндай хаттар тек Нигерияға ғана емес, өзге мемлекеттерге де жіберілген.