10 Тамыз 2026, 16:15 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Ақылды протекционизм»: Сарапшылар Қазақстанның отандық өндірушілерді қолдау бағытын бағалады

Белгілі болғандай, 2024 жылдың ақпанынан бері отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі Үкімет отырыстарында 30-дан астам рет көтерілген.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау Қазақстанның экономикалық саясатындағы маңызды бағыттардың біріне айналып келеді. Сарапшылар қазіргі өзгерістерді жергілікті өнімді сатып алу көлемінің артуымен, офтейк-келісімшарттармен, өндірісті жергіліктендірумен және ОТӨ тізілімінің іске қосылуымен байланыстырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

POVestka Telegram-арнасының жазуынша, 2024 жылдың ақпанынан бері отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі Үкімет отырыстарында 30-дан астам рет көтерілген. Жарияланымда бұл шараларға жеңілдетілген қаржыландыру, мемлекеттік сатып алу, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және қазақстандық жеткізушілерді тарту кіретіні айтылған.

Дереккөз мәліметінше, өткен жылы «Самұрық-Қазына» қоры арқылы ОТӨ-ден сатып алу көлемі екі есеге жуық өсіп, 2,17 трлн теңгеге жеткен. 2 283 отандық тауар өндірушімен 8,9 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Жарты жыл ішінде 3,8 мыңнан астам келісімшартқа қол қойылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46%-ға көп. Жарияланымда жаңа жүйенің тағы бір тетігі ретінде Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі аталады.

Қазақстан және Орталық Азия бойынша саяси сарапшы, экономист Расул Қоспановтың пікірінше, мемлекеттік инвестициялар инфрақұрылымды жаңартумен қатар, өнеркәсіпті дамытуға да барған сайын белсенді бағытталып келеді.

Бектеновтің тұсында бизнесті қолдаудың жекелеген құралдары біртіндеп біртұтас өнеркәсіптік саясатқа айналып келеді. Оның басты қағидаты – мемлекет тек реттеуші ғана емес, өндірушілердің ең ірі тапсырыс берушісі де болуы керек. Қазақстан бүгінде «ақылды протекционизм» жолымен келе жатыр: қазақстандық өнімді сатып алу көлемі артып, өндірісті жергіліктендіру белсенді жүріп жатыр, ал ОТӨ тізілімі жалған өндірушілерді шеттетуге тиіс, – деді Қоспанов.

Сарапшы мұндай бағасын өзінің QospanovPolitics Telegram-арнасында да келтіріп, отандық өндірушілерді қолдауды Олжас Бектенов Үкіметінің экономикалық саясатындағы негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

Офтейк-келісімшарттар және кепілдендірілген сұраныс

Қоспанов келтірген мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы отандық тауар өндірушілермен жасалған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттардың көлемі 2,3 трлн теңгеден асқан. Ал мемлекеттік сатып алу, «Самұрық-Қазына» және жер қойнауын пайдаланушылар аясындағы келісімшарттардың жиынтық көлемі 596 млрд теңгеге жеткен.

Сарапшы мысалдардың бірі ретінде Қарағандыдағы Kaz-metiz зауытын келтіреді. Оның мәліметінше, ұзақмерзімді келісімшарттар жасалғаннан кейін кәсіпорын болат сым мен болат арқан өндірісін 7,3 мың тоннадан астам көлемге ұлғайтқан.

Қоспанов қалыптасып келе жатқан жүйені бірнеше тетікпен байланыстырады. Олар – офтейк-келісімшарттар, сатып алу кезінде отандық компанияларға басымдық беру, өндірісті жергіліктендіру және Отандық тауар өндірушілер тізілімі. Оның пікірінше, мұндай модельде мемлекет тек реттеуші емес, отандық өнеркәсіп үшін ірі тапсырыс беруші ретінде де әрекет етеді.

Кәсіпкерлер не дейді?

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілі Ефим Третьяк та қолдау шараларына үміткер компанияларға қойылатын талаптардың күшейтілуін оң бағалайды.

Соңғы жылдары Премьер отандық өндірісті, нақты өндірістік қуаты бар және ел ішінде қосылған құн қалыптастыратын кәсіпорындарды қолдауға басымдық беріп келеді. ОТӨ тізілімінің енгізілуін оң бағалаймын. Ондағы басты талаптардың бірі – өнімді шынымен өзің өндіретініңді дәлелдеу. Иә, талаптар қатаң. Бірақ олар сапаны арттыруға бағытталған және кейін мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді жеңілдетеді, – деді Третьяк.

Сонымен қатар кәсіпкер бұған дейін шағын өндірушілерге бәсекеге түсу қиынырақ болғанына назар аударады. POVestka жарияланымында қазіргі уақытта бизнеске «Бәйтерек» холдингінің, Қазақстанның Даму банкінің, Qazaqstan Investment Corporation және Экспорттық-кредиттік агенттіктің құралдары қолжетімді екені де айтылған.

Сарапшылар Қазақстанның тәсілін немен салыстырады?

Расул Қоспанов Қазақстанның қазіргі тәсілін соғыстан кейінгі Францияның және 2011-2018 жылдардағы Малайзияның өнеркәсіптік саясатының жекелеген элементтерімен салыстырады. Оның бағалауынша, бұл елдерде де мемлекеттік саясат ұлттық өнеркәсіпті қолдаумен, өндірісті жергіліктендірумен және жергілікті жеткізушілерді тартумен байланысты болған.

Қазақстан туралы айтқанда, сарапшы ТШО, КПО және NCOC компанияларына қазақстандық өнімді сатып алу көлемін ұлғайту, өндірісті жергіліктендіруді кеңейту және жергілікті кәсіпорындардың жеткізу тізбегіне қатысуын арттыру жөнінде қойылып отырған талаптарға ерекше тоқталады. Ал ОТӨ тізілімін ол жалған өндірушілердің мемлекеттік қолдауға қол жеткізуін шектеуге тиіс тетік ретінде қарастырады.

Қоспановтың пікірінше, отандық өндірушілерді қолдау сапаға, жергіліктендіру деңгейіне және тиімділікке қойылатын талаптармен қатар жүруге тиіс. Сарапшы жүргізіліп отырған бұл бағытты «ақылды протекционизм» деп сипаттайды.