Ақтөбенің жолы қашан жақсарады?
Ақтөбе облысында жол салу және жөндеуге жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, жолдардың сапасы көңіл көншітпей тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаевтың айтуынша, биыл өңірде автожол саласын дамытуға 59,7 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 7,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 52,3 млрд теңге – жергілікті бюджет қаржысы. Аталған қаражат есебінен 156 жобаны іске асыру немесе 464,1 шақырым автомобиль жолының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 36 жоба жергілікті маңызы бар жолдарды (245,1 шақырым) қамтыса, 120 жоба – қала мен ауылішілік жолдар (218 шақырым).
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін арттыру туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес биыл Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 82%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бүгінде бұл көрсеткіш 78% болып отыр, - дейді ол.
Кепілдік, сапа және нәтиже
Есет Аманбаевтың айтуынша, биыл өңірде жергілікті маңызы бар жолдар бойынша 36 жоба жүзеге асырылатын болса, бүгінде 8 жобаны іске асыруға 4,4 млрд теңге бөлініп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың қатарында:
- Ғ. Жұбанова атындағы көшені жөндеу;
- "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолының су құбырларын күрделі жөндеуден өткізу;
- “Қобда-Ойыл” тас жолының 20 шақырымын орташа жөндеу;
- "Шалқар-Бозой" тас жолындағы 15 шақырымға орташа жөндеу жобалары бар.
Соңғы жоба былтыр басталған болатын, биыл жалғасады. Сондай-ақ биыл "Ақтөбе-Орск-Петропавловка-Хазретовка" автокөлік жолының 7 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіледі.
Биыл екі облыстық маңызы бар жол – "Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк" және "Қобда-Мәртөк" автокөлік жолдарында су өткізгіш құбырларын күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Ақтөбе қаласы бойынша жалпы саны 35 жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 23,7 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл жобалардың ішінде Кірпішті, Қызылжар-3, Астана (Нокин ауылы), Бауырластар-3, Бауырластар-4, Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Ясный-2, Бауырластар-1, Ақжар-2, Өрлеу тұрғын алаптарына, сондай-ақ Алтын Орда шағын ауданындағы Халел Досмұхамедұлы, Мәңгілік ел көшелеріне және Шестихатка (Промзонаға баратын жол) аумағына асфальт төселеді. Жалпы, жыл аяғына дейін қала бойынша 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде жөндеу жұмыстары былтыр басталған Нокин даңғылы да бар, - дейді Есет Аманбаев.
Ақтөбе облысында биыл жолдарды жөндеуге 59,7 млрд теңге қаржы қарастырылса, былтыр 54 млрд теңге бөлінді. Алайда жолдардың сапасы әлі күнге дейін сын көтермейді. Жолға жауапты мамандардың айтуынша, жылдан-жылға қаржы да, жобалар саны да артуда. Көрсеткіштер де өсіп келеді. Алайда ақтөбеліктердің жолдың сапасы мен мердігерлердің жұмысына көңілі толмайды.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ілияс Айтмұхамбетовтің айтуынша, қала сыртындағы жолдарды айтпағанда қала ішіндегі жолдармен жүру мүмкін емес. Көше жолдары шұрық-тесік, жамалған асфальт дұрыс төселмеген. Жүк көліктері қала ішімен емін-еркін жүре береді. Ал жеңіл көліктер көктем-күз айларында "еріген" асфальтпен жүруге мәжбүр.
Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, қаланың ішінің де, сыртының да жолдары жақсарып жатқан жоқ. Халық арызданып шаршады. Бұл мәселені жауапты органдарға да, депутаттарға да айтып, жеткізіп жатырмыз. Дегенмен нәтиже аз, - дейді қала тұрғыны.
Шынында да қазір қала ішіндегі көшелермен жүрсең, жамалған асфальт үстінде құдды бір тау мен тасты аралап келе жатқандайсың. Көлікпен төбеден бір түсіп, бір көтерілесің. Бұған және үйреніп те алдық. Жолдың "жырын" жақсы білетін жүргізушілер бұрынғыдай көп шағымданбайтын да болды. Себебі нәтижесін біледі: ешқандай өзгеріс жоқ.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев жол сапасын көтеруде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл орайда біріншіден, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" Ақтөбе облыстық филиалы жыл сайын қала, аудан әкімдіктерімен келісімшартқа отырады. Соған сәйкес аталған орталық жасалған жөндеу жұмыстарына тексеріс жүргізеді. Асфальттың бірінші және екінші қабатының қалай төселіп жатқанын тексеріп, бақылайды. Тапсырыс беруші мекемелерге апта және ай сайын қорытындыларын беріп отырады. Қорытындыда олқылықтар мен кемшіліктер көрсетіледі. Әрбір жоба жүзеге асырылғанда техникалық қадағалаудан өтеді. Екіншіден, әрбір жолға заңға сәйкес кепілдік мерзімі беріледі. Жоба қабылдағаннан кейін орташа, күрделі, қайта жаңарту жұмыстары болса, соған сәйкес кепілдік мерзімі бойынша мердігер мекеме ақаулар бойынша жұмыс жасап, жолдарды жөндейді.
Көлік министрлігі бекіткен методикаға сәйкес, орташа жөндеуге – 2 жыл, күрделі жөндеуге – 3 жыл, қайта жаңартуға 3-5 жыл аралығында кепілдік мерзімі беріледі. Соңғы кезде орташа жөндеу бойынша асфальт төсеу мөлшері 5-10 сантиметр болса, қазір бұл 15 сантиметрге дейін өсті. Биыл Ақтөбе қаласында 15 көшеге жол салынып жатса, олардың кепілдігі 5 жылға дейін ұзартылды. Демек алдағы уақытта қандай да бір олқылықтар болса, мердігер компаниялар жолдарды өз қаржысына жөндейді, - дейді Есет Аманбаев.
Айта кету керек, биыл Ақтөбе қаласындағы Нокин даңғылын орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жолдарды "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" Ақтөбе облыстық филиалы тексеріп жатыр. Ал жол салуға тартылған мердігерлерге келсек, биыл 78 жобаға конкурстық рәсімдер жүргізілген. Нәтижесінде 55 жобаға жергілікті мердігерлер, 23 жобаға басқа қалалардан компаниялар жауапты ретінде бекітілген. Негізінен конкурстардың барлығы мемлекет сатып алу порталы арқылы өтеді. Сондықтан конкурсқа барлық компаниялар қатыса алады.
Соңғы кезде өзге облыстардан келетін мердігерлердің жауапсыздығына байланысты қоғамда бірқатар талқылаулар болғаны мәлім. Бұл мәселе тек жолға ғана емес, басқа да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты. Алайда біз конкурс жариялағанда өзге облыстың кәсіпкерлеріне оған қатысу-қатыспау туралы пікір-ұсыныс айта алмаймыз. Себебі бұл кәсіпкерлердің құқығының бұзылуына әкеледі. Сондықтан біз мейлінше мердігер ұйымдарға өз жұмысын ұқыпты, сапалы және жауапкершілікпен атқаруын тапсырамыз, - дейді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, бүгінде жауапты компанияларды жол салуға қажетті материалдармен қамтуда ешқандай мәселе жоқ. Барлық материалдар жеткілікті. Қазіргі таңда компаниялар битумды Маңғыстау және көрші Ресейдің Орск облысынан тасыса, қиыршық тас пен құм өзімізде өндіріледі.
Республикалық жолдар: 117 шақырым жол қайта жаңартылуда
Биыл Ақтөбе өңірінде облыстық және қалаішілік жолдар ғана емес, республикалық жолдар да жөнделіп жатыр. Мәселен, бүгінде "Ақтөбе-Қандыағаш" тас жолының 89 шақырымы және "Ақтөбе-Ұлғайсын" автокөлік жолының 28 шақырымы қайта жаңартылуда.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұловтың айтуынша, бүгінде облыстың республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 1869 шақырым. Оның ішінде қайта жаңарту жұмыстары 117 шақырымға жүргізілсе, күтіп-ұстау шеңберінде 1752 шақырым жол бар. Оның 280 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.
Соңғы өткізілген күзгі бақылаудың нәтижесіне сәйкес, автожолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 53 пайыз болса, қанағаттанарлық жағдайы 33 пайызға жетті. Жалпы, жолдардың үлесі – 86 пайыз. Биыл өңірімізде “Ақтөбе-Қандыағаш” тас жолының 11-52 шақырымына қайта жаңарту жүмыстары жүргізілуде. Жобаны тапсыру 31 шілдеге жоспарланып отыр. Ал осы жолдың 52-100 шақырымын қайта жаңарту жұмыстары толығымен аяқталып, қазіргі таңда пайдалануға беру актісі дайындалуда. Бұдан бөлек, "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" автокөлік жолының 791-819 шақырымын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде және 2025 жылы жолдың бір жақ бөлігін толық конструкциядан өткізіп, аяқтап, көліктерге қозғалыс ашу жоспарланып отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру кезеңі – 2024-2028 жылдар аралығы, - дейді Айбол Данағұлов.
Оның айтуынша, "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" автокөлік жолының 763-791 шақырымын және 819-1025 шақырымын қайта жаңарту бойынша барлығы 6 учаске белгіленген. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемелер толығымен аяқталып, жыл соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындаушы мердігерлер анықталады.
Биыл сондай-ақ "Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз" автомобиль жолының 92-100 шақырымындағы Жем өзені арқылы өтетін көпіріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуі керек. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындайтын мердігер ұйым мен инженерлік қадағалаушы мекеме анықталып, жұмыстар басталуда. Бұл жобаны келер жылы толығымен пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр, - дейді Айбол Данағұлов.
Биыл Ақтөбе облысы аумағындағы жалпы ұзындығы 280 шақырым республикалық жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық жобаларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарына келсек, "Самара-Шымкент" автокөлік жолының Ырғыз ауданына қарасты 1113-1240 шақырымына арасында 14 шақырым жолға, сондай-ақ Қобда ауданына қарасты 613-618 шақырымға (3,2 км) және "Хромтау-Қарабұтақ" тас жолы бағытының 912-965 шақырымына (19,4 км) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмекші.
Жол сапасы: қанша бұзушылық анықталды?
Биыл "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" Ақтөбе облыстық филиалының мамандары облыстық, аудандық маңызы бар және қалаішілік жолдарға шығулар ұйымдастырып, жөнделіп жатқан жолдарды тексерген.
Биыл облыстық маңызы бар жолдарға – 11, аудандық маңызы бар жолдарға – 47, қалаішілік жолдарға 92 шығу ұйымдастырып, нәтижесінде олқылықтар мен бұзушылықтарды анықтадық. Мәселен, жолдардың сапасы мен технологиясы шеңберінде облыстық маңызы бар жолдар бойынша – 1, аудандық маңызы бар жолдар бойынша – 14, қалаішілік жолдар бойынша мердігер ұйымдарға 26 ескерту жасадық. Жалпы саны 185 сынама алып, зертханадан өткіздік. Сынамалардың қорытындысы бойынша 22-сі талапқа сәйкес келмейтін болып шықты. Барлық кеткен олқылықтар бойынша тапсырыс берушілер мен мердігер компанияларға хабарландырулар берілді, алайда кемшіліктер әлі күнге дейін жойылған жоқ, - дейді филиал директоры Тельман Малаев.
Биыл "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" Ақтөбе облыстық филиалы Қобда ауданы Жиренқопа ауылындағы үш көшеге (Қобыланды, Молдағұлова, Жастар) жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына тексерулер жүргізген. Мердігер ұйым – "TaFF Company" ЖШС. Тексерулер нәтижесінде асфальттың үстіңгі қабатының қалыңдығының талапқа сәйкес еместігі анықталған. Нақтырақ айтсақ, жобалық құжаттарда қалыңдығы 20 см деп көрсетілсе, жолдарға 9-15,5 см мөлшерінде төселген. Сонымен қатар мұндай тексерулер Ақтөбе қаласы Оңтүстік-Батыс-2 шағын ауданындағы жолдарды күрделі жөндеу жұмыстарына да жүргізілген. Мердігер мекеме – "А.Т.Е-Жол" ЖШС.
Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласы Алматы ауданында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар көшелердің жолдары да сын көтермейтіндігін анықтадық. Мәселен, мұндағы салынып жатқан асфальттың қалыңдығы жобалық құжаттарда 7 сантиметр деп көрсетілсе, нақты дерек бойынша қалыңдығы – 6 см. Яғни салынып жатқан жол сапасы талапқа сәйкес келмейді, - дейді Тельман Малаев.
Орталық басшысының айтуынша, бүгінде көптеген мердігер мекемелер жол салудың технологиясын сақтамайды. Мәселен, асфальт төсегенде оны талапқа сәйкес тығыздамаса, онда оның арасында тесіктер пайда болады. Содан келіп, нығыздалмаған асфальт су тиген кезде шашылып қалады. Ақтөбе көшелеріндегі асфальттың көктемде қармен бірге "еріп кетуі", міне, осыдан. Жалпы, Ақтөбе облысында бүгінде жол саласына қатысты кәсіби білікті мамандар тапшы. Мысалы, жолға жауапты техникалық қадағалаушының аты бар да, заты жоқ. Соның нәтижесінде қалалық, аудандық жолдар сапасыз салынады. Тағы бір мәселе – жол салатын мердігер мекемелердің жауапсыздығы. Бұл орайда көп мердігерлер өзге облыстардан келеді. Олар жолдарды сапасыз салады да кетіп қалады. Ал олқылықтарды түзеу, жолдарды қайта жаңарту жұмыстары тиісті дәрежеде орындалмайды.
Ауылдағы жолдар да жөнделеді
Биыл облыстағы аудандарда бюджеттік инвестициялық бағдарлама және "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында ауданаралық және ауылішілік жолдарда да жөнделетін болады.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаевтың айтуынша, Алға ауданында биыл аудандық маңызы бар "Алға-Тоқмансай" тас жолының 25-38 шақырымына және 38-51 шақырымына орташа жөндеу, Талдысай ауылына баратын жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек, Алға қаласындағы №1 тұрғын алаптағы 12 көшеге асфальт төселсе, "Алға-Қарабұлақ" тас жолындағы көпір қайта жаңартылады. Алға қаласындағы Степной, Пролетарская көшелері орташа жөндеуден өтіп, Есет батыр ауылы маңындағы көпір жаңартылады. Сонымен қатар Алға ауданында "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде Маржанбұлақ ауылындағы және Қайнар ауылындағы бірнеше көшенің жолдары орташа жөндеуден өтеді. Ал аудандық бюджет есебінен Қарақобда, Қарақұдық, Есет батыр елді мекендеріндегі бірқатар көшелерге орташа жөндеу жүргізіледі.
Биыл Әйтеке би ауданында бюджеттік инвестициялық бағдарламалар аясында "Светлый-Құмқұдық-Жабасақ-Байжанкөл" тас жолының 0-10 шақырымына, "Қарабұтақ-Комсомол-Северное-Сарат-Қырыққұдық-Тымабұлақ" автокөлік жолының 48-60 және 60-72 шақырымына, "Қарабұтақ-Комсомол-Ақтасты-Толыбай" тас жолының 0-14 шақырымына, "Светлый-Құмқұдық-Жабасақ-Байжанкөл" тас жолының 47-60 шақырымна, сондай-ақ Жүргенов ауылындағы Жалаңтөс Бахадүр көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді Есет Аманбаев.
Оның айтуынша, "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында осы аудандағы Қарабұтақ, Жүргенов ауылдарындағы бірқатар көшеге орташа жөндеу жүргізу де жоспарланып отыр. Ал Байғанин ауданында биыл жыл аяғына дейін орташа жөндеу бойынша 10 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында "Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы-Оймауыт" тас жолының 157-171,3 шақырымы, Кемерші ауылына кіреберіс жолдың 0-14 шақырымы, Қарауылкелді ауылындағы Барақ батыр көшесінің жолын қайта жаңарту, "Қарауылкелді-Жарқамыс" тас жолының 35-50 шақырымы, т.б. жобалар бар. Ал "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында 4 жоба Байғанин ауданындағы Қарауылкелді, Жарлы ауылдарында іске асады.
Ырғыз ауданында биыл жалпы саны 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар: "Ырғыз-Құтикөл-Жарма-Құйылыс" тас жолының 30-45 шақырымы, "Ырғыз-Құтикөл-Жарма-Құйылыс-Жайсаңбай" тас жолының 0-15 және 15-23 шақырымы, Ырғыз ауылындағы екі көшенің жолын орташа жөндеу және Ырғыз ауылындағы 6 көшеге ауылішілік жол салу.
Қарғалы ауданында да биыл осындай бірнеше жоба қолға алынбақ. Мәселен, олардың ішінде Қосестек ауылындағы көшеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар Қайрақты, Петропавловка ауылдарындағы жолдар да жаңарады.
Биыл Қобда ауданында "Қобда-Сарыбұлақ" аудандық маңызы бар автокөлік жолының 24,4-35 шақырымына, Жиренқопа, Сарбұлақ, Өтек, Талдысай ауылдарындағы көшелерге жөндеу жүргізіліп, бірқатарына асфальт төселеді. Сол сияқты мұндай жобалар Мәртөк ауданында да жалғасады. Мәселен, бұл аудандағы "Мәртөк-Дмитриевка-Байторысай-Полтавка" тас жолының 15-30 шақырымына, сондай-ақ ауылішілік Байтұрсынов және Сейфуллин көшелерінің жолдарына оташа жөндеу жүргізілмек. Ал Мұғалжар ауданында жалпы саны 12 жоба іске асырылады. Олардың дені – Қандыағаш қаласындағы көшелерге жүргізілетін қайта жаңарту жұмыстары, - дейді Есет Аманбаев.
Темір ауданында биыл бюджеттік инвестициялық бағдарлама аясында Шұбарқұдық ауылындағы мектепке жол салынып, Досжан ишан Хазірет кесенесіне апаратын жолға асфальт төселеді. Ал "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында Қопа, Шұбарқұдық, Шұбарши, Құйқұдық ауылдарындағы көшелерге асфальт салынады. Жалпы саны 5 жоба жүзеге асырылмақшы.
Ойыл ауданында да аталған бағдарламалар аясында "Шұбарши-Атырау облысы" тас жолы бойына көпір салынып, автокөлік жолына асфальт төселеді. Ал Қаратал ауылындағы бірнеше көшенің жолы күрделі жөндеуден өтеді.
Хромтау ауданында биыл жалпы саны 16 жоба жүзеге асырылады. Атап айтсақ, Аққұдық ауылына кіреберіс жолдың 14,2-28,58 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп, "Самара-Шымкент" – "Дөң-Сарысай" жолының 0-6,46 шақырымы жөнделеді. Сондай-ақ Хромтау қаласындағы 10 көшенің жолы жаңартылып, 10 көшенің жолы орташа жөндеуден өтеді. "Самара-Шымкент-Құдықсай-Қопа" тас жолының 27,8-40,63 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп, Ақжар ауылына ауылішілік жолдар салынады. Бұл ауданда "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында Қопа, Бөгетсай, Көктау елді мекендеріндегі жолдар да жаңартылатын болады.
Ал облыстағы ірі аудандардың бірі – Шалқарда биыл жол жөндеу бойынша 6 жоба қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, Шалқар қаласында бірнеше жолға, сондай-ақ Тоғыз селосындағы Толағай, Тәуелсіздік көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал аудандық бюджет есебінен Шалқар қаласындағы Гагарин көшесі орташа жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы Әлия Молдағұлова көшесі мен Даму-2 аймағындағы 1,96 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіледі, - дейді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев.