Ақтөбенің жолдары қашан дұрысталады?
Ақтөбеліктер облыстағы жолдардың сапасына қатысты наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл сайын өңірде халық қалаулылары жолдарды жөндеуге миллиардтаған қаржы бөледі. Мәселен, биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен 12,3 млрд теңге бөлінді.
Оның ішінде 2,1 млрд теңге Ақтөбе қаласы мен Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір, Хромтау аудандарының облыстық, аудандық маңыздағы және ауылішілік жолдарының құрылысын жүргізуге, 2,6 млрд теңге Алға, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Шалқар аудандарындағы автомобиль жолдары күрделі жөндеуге, 6,0 млрд теңге Әйтеке би, Алға, Байғанин, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Хромтау және Қобда аудандарындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге қарастырылып отыр.
Сондай-ақ құрылысы жүріп жатқан жайлы мектептер аумағына жол салуға (11 жоба) 1,6 млрд теңге бөлді.
Былтыр қыруар қаржы бөлінгенімен, биыл нәтиже жоқ. Міне, көктем болып, қар ерісе, тағы да асфальтымыз “ериді”. Жылдан жылға жол сапасы дұрыстала ма десек, ешқандай оң өзгеріс жоқ. Тіпті, сыртқы жолдарды қоспағанда, қаланың ішінің жолы көңіл көншітпейді, - дейді қала тұрғыны Нұржан Қоныс.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Есбол Базарғалиевтің айтуынша, бүгінде облыстағы жолдардың қанағаттанарлық үлесі 78 пайыз болса, келер жылы бұл көрсеткішті 82 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Биыл жалпы құны 59,7 миллиард теңгеге өңірде 156 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бөлінген қаражат есебінен 462,9 шақырым автомобиль жолы жөнделеді. Оның 253,7 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар болса, 209,2 шақырымы — қала және аудандардағы ауылішілік жолдар, - дейді ол.