Ақтөбенің шұрқ-тесік көпірлері қашан жөнделеді?
Жылдағыдай биыл да көктем келісімен Ақтөбенің көшелері "еріп" жатыр. Қаланың қақ ортасындағы көпірлер шұрқ-тесік. Жүргізушілер жолдардың сапасына көңілі толмайтындарын айтып, шағымдануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Такси қызметінің жүргізушісі Айбат Сағымбеттің айтуынша, наурыз айы басталғалы Ақтөбенің шұрқ-тесік жолдарымен жүру мүмкін емес. Тіпті, қаланың орталығындағы көпірдің өзінен өтудің өзі мұң.
Қазір 5-шағын аудандағы көпірмен өтіп көрсеңіз, ойдым-ойдым жолға тап боласыз. Нокин көшесіне түсер жерден бірнеше көлік жүрсе, тіпті қиын. Осы жерде жол апаты көп болады. Ал қала сыртындағы Кірпішті мен Заречный тұрғын алабына баратын көпірлердің жолдары мүлде жүруге келмейді. Көліктер асықпай, әр шұңқырдан "қашып" жүруге мәжбүр. Былтыр осы көпірлерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ жолдардың сапасы сын көтермейді, жыл сайын жөнделсе де, дұрысталмайды. Жауапты тұлғалар жол мәселесін неге шешпейді? - дейді такси жүргізушісі.
Былтыр Ақтөбеде бірнеше көпірге жөндеу жүргізілді. Оның қатарында Қарғалы көпірі мен оңтүстік айналма жолдағы Елек өзені арқылы өтетін көпір бар. Алайда қазір бұл екі көпірдің де жолы шұрқ-тесік. Ойдым-ойдым жолмен көліктер әзер жүреді.
Қаладағы көпірлерді жөндеу жұмыстарын күн жылынған соң бастаймыз. Қазір уақытша жолдағы шұңқырларды брусчаткамен, қоспалармен жамап жатырмыз. Биыл жоспарға сәйкес қалада Кірпішті және Қарғалы көпірлері жөнделеді. Былтыр олардың аумағын кеңейту бойынша жұмыстар басталған болатын, - дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков.