Ақтөбенің ауасын кім ластап жатыр?
Ақтөбе облысында ауаны ластап жатқан 93 кәсіпорын бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадиннің айтуынша, өңірде экономика саласы дамығанымен, экожүйелерге жүктеме артылып келеді. Мәселен, қала бойынша ауаның ластануына металлургия, химия және коммуналдық кәсіпорындар кері әсер етуде.
Бүгінде облыста бірінші санатқа жататын 93 кәсіпорын бар. Оның ішінде 24 пайызы мұнай-газ кәсіпорындарына тиесілі болса, 21 пайызы — тау-кен өндірісі, 2 пайызы — ауыл шаруашылығы, 53 пайызы — басқа саладағы өнеркәсіптер. Жыл басынан бері департамент «Қазхром ТҰК», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Ақтөбе хром қосындылары зауыты», «Ақтөбе ТЭЦ», «Aqtobe Su Energy Group» акционерлік қоғамындағы өндіріс және тұтыну қалдықтарын тексерді. Жалпы, облыстың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша жол картасына сәйкес, 2025 жылға дейін кәріз тазарту ғимараттарын қайта жаңарту мен жаңғырту көзделген. Атап айтсақ, бұл кәріз тазарту құрылыстарының тиімсіз жұмысынан Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасы күкіртті сутегімен ластануда, — дейді Уснадин.
Бүгінде Ақтөбе қаласының ауасын ластап отырған күкіртсутектің негізгі көзі — кәріз-тазарту құрылыстары. Былтыр осы нысанды жаңарту бойынша жаңа жоба қабылданды.
Жобаның құны — 53,5 млрд теңге. Сондай-ақ, кәріз-тазарту құрылыстарында күкіртсутек шығарындыларын басатын және оларды болдырмайтын арнайы катализаторлар қолданылмақ. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 400 млн теңге қаржы бөлінген.
Айта кету керек, атмосфералық ауаны ластаушы кәсіпорын — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты алдағы жылдары газ тазарту құрылыстарын жаңғырту, шығарындыларды азайту үшін 85 млрд теңге қаражат бөлмекші.