Ақтөбеліктер Түркияға тағы да гуманитарлық көмек жіберді
Ақтөбе облысының халқы екінші мәрте Түркия еліне гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, бұл жолы өңірдегі кәсіпкерлер жомарттық танытып, зілзаладан зардап шеккен түрік халқына көмек қолын созып жатыр. Олардың қатарында «Анвар», «Дина», «Рамазан», «Глобал Спецодежда», т.б. сауда желілері бар.
Екінші рейспен Түркия еліне жылы киім-кешек, балалардың тамағы мен қажетті тұрмыстық заттар, төсек-орын жабдықтарын жөнелтіп отырмыз. Облыстағы «Динар-Электромаш» компаниясының басшысы Сергей Вишняк бастаған азаматтар үй-күйсіз қалған түрік бауырларымызға жылытқыштар, генераторлар тиеп жіберді. «Көп түкірсе, көл» демекші, жалпы бұл жолы 11 тоннаға жуық жүк жіберіліп отыр, — дейді ол.
Ал облыстағы «More life» еріктілер қорының өкілі Е.Дияровтың айтуынша, ақтөбеліктер гуманитарлық көмек жинауға арналған арнайы пунктке киім-кешектер, тұрмыстық заттар, балалар тамағы мен төсеніштерін әкеліп жатыр. Аталған пункт 22 ақпанға дейін жұмыс істемек.
Түркия халқына жанымыз ашиды. Соңғы кезде әлемде мұндай жойқын зілзала болмаған шығар. Жапондық ғалымдар Кахраманмарашта болған жер сілкінісін әлемдегі құрлықта болған ең үлкен жер сілкіністерінің бірі екенін айтып жатыр. Ата-анасыз қалған балалар, балаларынан айырылған адамдардың жағдайлары жүректі ауыртады. Лайым жер бетінде амандық, бейбітшілік болсын! Қазақ халқы қашан да кең, мейірімді халық қой. Түркия еліне барлық өңірден халық болып, осындай гуманитарлық көмек жиналып, жіберіліп жатыр. Осы тұста барша қазақстандықтарға алғысымды айтамын, — дейді қала тұрғыны Аслан Нұрлыбек.
Жас жігіт «Каспи банкінің» қосымшасы арқылы «Күшіміз бірлікте» қорына өз отбасы атынан қаржы жібергенін айтады.
Сіз де зілзаладан зардап шеккендерге қол ұшын беремін десеңіз мына мекенжайлар бойынша көмек көрсетуіңізге болады:
Ақтөбе қаласы, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараты (Достық үйі), Сәңкібай батыр көшесі, 20 А.
«More life» қоғамдық қоры, Ағайынды Жұбановтар көшесі, 276 Б.
Жаңақоныс ауылы, Мұқанбетқалиұлы көшесі, 3 (бұрынғы «Қазпошта» ғимараты).