Ақтөбеліктер шындығында қанша жалақы алады?
Ақтөбеліктер Ұлттық статистика бюросында жалақыға қатысты жарияланған хабарламаға наразылық танытты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындыларын жариялап, мұндағы тұрғындардың орташа жалақысы 345 949 теңге деп көрсеткен. Алайда қала тұрғындары бұл көрсеткішпен келіспейтіндерін айтып, өз пікірлерін жеткізді.
Мен 3-4 жылдан мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін. Алайда айлық жалақым бұл сомадан аз. Жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің айлығы өсіп келеді. Дегенмен облысымызда мемлекеттік қызметте басшылардан басқа мамандар мұндай жалақы алмайды, — дейді қала тұрғыны Айбек Жиеналы.
Ал сауда саласында жұмыс істейтін Айғаным Тұрдашеваның ай сайын табатын табысы — 250-280 мың теңге. Ол бірнеше жылдан бері дүкендерден түрлі тауарларға тапсырыс қабылдап, соны жеткізумен айналысады.
Жуырда осы ақпаратты көзім шалып, таңғалдым. Мұғалімдер мен дәрігерлер болмаса, қазір мұндай жалақыны ешкім алмайды. Біздің өзіміздің ай сайынғы табысымыз 300 мың теңгеге жетпейді. Ал мұнда тіпті орташа жалақы делінген. Қазір халықтың көбінде ақша жоқ, киім-кешек өтпейді. Ал азық-түліктің өзі кейде қоймада өтпей тұрып қалады. Тұрғындар осындай ақша тапса, онда бәрі шашып жүрер еді ғой, — дейді ол (күліп).
Айта кету керек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде Ақтөбе облысында 21,8 мың адам жұмыссыз жүрсе, жұмыспен қамту органдарына 9884 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Сондай-ақ былтыр IV тоқсанда облыс халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 178 929 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы IV тоқсандағы көрсеткіштерге қарағанда 21 пайызға көп.