Ақтөбеліктер шұрқ-тесік жолдарды сынға алды
Ақтөбеліктер көпшілік жиі баратын Орталық базар орналасқан Уәлиханов көшесінің жолдарын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір Орталық базар орналасқан Уәлиханов пен Шернияз көшелерінің жолдары шұрқ-тесік, ойдым-ойдым. Жеңіл көліктер түгілі бұл жолдардан автобустар әрең жүреді. Күн жылынғалы бұл маңдағы жолдардың жағдайы мүлдем нашар. Қар еріген соң шұңқырларға су толған.
Қаланың ескі бөлігінде тұратын Мейрамгүл Айжарықованың айтуынша, жыл сайын көктемде тұрғындар көп келетін сауда орнының аумағы балшық және лай суға толады. Ал шұрқ-тесік жолдардан көліктердің жүруі мұң.
Жыл сайын жолдарды жөндеуге қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Алайда жолдардың сапасы сын көтермейді. Қардың кетуімен сапасыз жолдар жалаңаштанып қалады. Көлік жүргізушілері ғана емес, біздің өзімізге қиын болып тұр. Қазір автобустың да, таксидің де жүргізушілері реніш білдіреді. Олар барар жеріне доңғалағы жарылмай, не көлігінің бір бөлшегі қирамай жете алмайды. Бұл оңай емес, - дейді қала тұрғыны.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл қала көшелері жер кепкен соң жөнделеді.
Жоспарға сәйкес, биыл Ақтөбе қаласындағы 18 көшеге орташа, 7 көшеге күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғын алаптардың кіреберісіндегі жолдарға да асфальт төселеді. Уәлиханов көшесіне келсек, бұл көше де биыл қайта жөнделеді. Бұдан бөлек, былтыр жөнделіп басталған 20 көшеде жол жөндеу жұмыстары жалғасады, - дейді Айбек Қайыр.
Айта кету керек, биыл Ақтөбе қаласы мен аудандардағы ауылішілік жолдарды салуға және жөндеуге бюджеттен 1,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.