Ақтөбеліктер сайлауға белсенді түрде қатысып жатыр

Ақтөбеліктер Президент сайлауына белсенді түрде қатысып жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Ақтөбе облысында 517 сайлау учаскесі жұмыс жасап жатыр. Оның 15-і   мамандандырылған және медициналық мекемелерде, әскери бөлімдер мен тергеу изоляторларында орналасқан. Ақтөбе халқы жергілікті уақыт таңғы 7.00-ден бастап өз учаскелеріне барып, таңдап жасады. Әсіресе, облыс тұрғындарының арасында егде жастағы азаматтар өте белсенділік танытуда.

Ақтөбе қаласындағы №60 сайлау учаскесінде 2182 сайлаушы тіркелген. Қазірге дейін сайлаушылардың 60 пайызға жуығы мұнда келіп, өз таңдауын жасаған.
№60 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары  Динара Алибаеваның айтуынша,  түске дейін келген тұрғындардың дені үлкен кісілер болса, түстен кейін мұнда келген жастардың қарасы көбейген.  

№60 сайлау учаскесі №19 орта мектептің базасында орналасқан. Қазір біз келушілерге қалай дауыс беру керектігін түсіндіріп, қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып жатырмыз. Сондай-ақ үйден дауыс беруге өтініш білдірген 14 сайлаушымыз бар. Олардың үйлеріне арнайы топ кетті.  Жалпы тұрғындардың көңіл-күйі, белсенділігі жақсы, — дейді ол.

Президент сайлауына отбасымен келгендердің бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Тілес Өтесінұлы. Ол сайлау учаскесіне зайыбымен, ұлы-келінімен келіпті.

Бүгін елмен бірге келіп, отбасымызбен өз дауысымызды бердік. Біз үшін бұл саяси шараның маңызы зор. Сайланған жаңа Президентіміз халықтың жағдайын ойлап, ел игілігі жолында адал қызмет етсін деп тілейміз. Жаңа басшы елдің сенімінен шығып, Қазақстанды дамытса, бізге одан басқа не керек? — дейді ол.

Тілес Өтесінұлы ұзақ жылдар зауытта инженер, сондай-ақ біраз уақыт мемлекеттік қызметте еңбек етіпті. Абыройлы қызмет жасап, елдің алғысын алған азамат қазір зейнеткер. Бүгінде бір ұл, бір қыздан бес немере сүйіп отыр. Оның ендігі арманы — немерелерінің болашағының жарқын болуы, елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің сақталуы. 

Қазір жан-жағымызда түрлі геосаяси жағдайлар болып жатыр. Сондықтан біз үшін бейбітшіліктің орны бөлек. Халқымыздың амандығы бәрінен қымбат, — дейді Тілес Өтесінұлы.

Аталған сайлау учаскесіне заң талаптарының сақталуын қадағалайтын 8 байқаушы бекітіліпті. Олар — облыстағы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері.

«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, бұл орталықтан барлық сайлау учаскелеріне байқаушылар бөлінген. 

Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Себебі Қазақстан азаматтары өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, ел Президентін сайлап жатыр. Осы орайда «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы бүгінгі сайлауда облыстағы барлық сайлау учаскелеріне байқаушылар қатыстырып отыр.  Байқаушылардан алынған ақпарат бойынша сайлау заң талаптарына сәйкес, әділ өтіп жатыр. Ешқандай заң бұзушылық деректері тіркелген жоқ, — дейді Нұржан Шаңғытбаев. 

Айта кету керек, қазір облыс бойынша 560 819 сайлаушы бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы