Ақтөбеліктер Рәміздер күнін қалай атап өтті?
Бүгін Ақтөбе жұртшылығы Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағындағы тутұғыр маңында өткен салтанатты шараға мыңға жуық адам қатысты.
Іс-шарада алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Қолдарына мемлекеттік нышан — көк Байрағымызды алып, сап түзеген әскерилер мен қала жастары рәміздерге деген сүйіспеншілігі мен құрметін білдіріп, патриоттық әндер шырқады.
Көк Туымыздың тутуғырға көтерілгенін тамашалап, өз лебіздерін жеткізді. №30238 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Мақсат Катчебаевтың айтуынша, мемлекеттік рәміздер — қазақ елінің дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын, сондай-ақ мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.
Бүгінгі шараға әскери гарнизоннан 100-ден астам әскери қызметкер қатысып отыр. Бұл мереке — әскерилер үшін емес, барша қазақстандықтар үшін айтулы күн.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуы мен болашағының ажырамас бөлігі. Сондықтан кез келген тұрғынның рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы керек. Бұл орайда бөлім сарбаздарының рәміздерге деген құрметі, өз жерін, елін қорғауға деген сезімі айрықша деуге болады. Мемлекеттік рәміздеріміз әрқашан биіктен көрініп, қазақ елі мәңгілік жасасын! — дейді ол.
Мақсат Катчебаевтың әскери салада қызмет еткеніне 15 жылдан асқан. Ол Қарулы күштері қатарында үздіксіз еңбек еткені үшін «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.
Айта кету керек мерекелік шара Абай гүлзарында да өтті. Бұл жерде Оқушылар сарайының ұжымы мен мектеп өнерпаздары өнер көрсетті.