Ақтөбеліктер Көрісу күнін атап өтті

Бүгін ақтөбеліктер Көрісу күнін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл күні облыс орталығында және аудандарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, жұртшылық алаңдарға жиналды. 

Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс!» стелласы алаңында өткен мерекелік шарада Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ақтөбеліктерді Көрісу күнімен құттықтады.

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында тойланатын Көрісу күні немесе Амал мерекесімен құттықтаймын. Амал мерекесін бүкілқазақстандық деңгейде тойлау — тамырын тереңге жайып келе жатқан оң үрдіс. Көрісу — жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл — өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулыққа тәрбиелейтін ұлық мереке. Әрдайым аспанымыз ашық, берекеміз көп болсын! — деді әкім. 

Мерекелік шарада өнер ұжымдары би билеп, әннен шашу шашты. Театрландырылған қойылым қойып, көпшілікке дәм ұсынылды. Бірқатар жастар гір көтеру, асық ойнау, ләңгі тебуден жарысса, қала тұрғындары көрме-жәрмеңкелерді тамашалады. 

Көрісу күнін облыстың ауыл-аймақтарындағы жұртшылық та атап өтті. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Ырғыз ауданының тұрғындары таңертең ертемен көше мерекесін ұйымдастырып, бір-бірімен көрісіп, дәмнен ауыз тиді. 

Ырғыз аудандық «Арай» мәдениет үйінің ұжымы мекеме-кәсіпорындарды аралап, ауылдастарын құттықтап шықты. 

Биыл да жылдағыдай Көрісу күнін ерекше тойлап жатырмыз. Енді алдағы Наурыз мейрамын Президент тапсырмасымен бекітілген «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында он күн бойы тойлайтын боламыз, — дейді «Арай» мәдениет үйінің директоры Дархан Мектепбай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы