Ақтөбеліктер Конституция күнін атап өтті

Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өткен Конституция күніне арналған мерекелік шарада бір топ ақтөбелік марапатталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Олардың қатарында тамыз айында шаңырақ көтерген жас жұбайлар мен Балалар жылында өмірге келген егіздердің аналары, сондай-ақ өнерлі жастар бар.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин саябаққа жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, қуаныш иелеріне сый-сияпаттар табыс етті.

Облыс әкімінің қолынан марапат алған жас жұбайлардың бірі - Марс Палымбетов пен Индира Маратова.

Бұл жұп 12 тамызда заңды түрде некелерін қиып, отау құрған.

Бүгінгі мерекеде марапатталып, осындай сый-құрметке бөленіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Индира екеуміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Жуырда тойымыз өтті. Ата-анамыздың батасын алып, міне, үлкен өмірге қадам бастық. Қазір мен Ақтөбе қаласындағы #71 мектепте мұғалім болып қызмет етемін, ал Индира  медицина университетінде оқып жатыр, -дейді Марс Палымбетов.

Шарада облыстағы шығармашылық ұжымдарының өнерпаздары мен белгілі әншілер Дулат, Рита Айтжановтар, Шынтас Омаров, Айнагүл Өлмесекова, т.б өнер көрсетті.

Конституция күні -еліміздегі маңызды мерекелердің бірі. Бұл күннің кез келген Қазақстан азаматы үшін орны ерекше. Себебі Ата заңымыздың мемлекетімізді дамытуда, ел азаматтарының құқығын қорғауда маңызы зор. Биыл елімізде референдум өтіп, Ата Заңымызға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер ел халқының әл-ауқатын арттырып, тұрақтылық пен бейбітшілікте өмір сүруіне зор ықпал етеді. Сондықтан бүгінгі мерекеде барша қазақстандықтарға амандық, ауызбіршілік пен татулық, әр отбасыға береке-байлық тілеймін, -дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны, еңбек ардагері К.Қуанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы