Ақтөбеліктер бүрсеңдеп автобус күтіп жүр

Ақтөбе қаласында қыс мезгілінде ескі аялдамаларды бұзып, орнына жаңасын орнатып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Облыс орталығында былтыр басталған аялдамаларды жаңғырту жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Қазір орталық көшелердің өзінде аялдамалар жоқ. Сол себепті тұрғындар далада бүрсеңдеп, тоңып, автобус күтуге мәжбүр.

"Спутник" аялдамасын осыдан екі-үш ай бұрын бұзып тастады. Бұрын жылы болмаса да ықтап тұратын едік. Қазір, міне, қыстың ортасы болды, әлі жаңа аялдама орнатқан жоқ. Балалар мен қарияларға қиын, тоңып, автобус күтіп тұрады. Қала әкімдігіне барып, осы мәселеге байланысты шағымданайын десем, уақытым болмай жүр. Қыста тез қараңғы батып кетеді, ештеңеге үлгермейсің, - дейді қала тұрғыны Зинаида Алипова.

Ол осы ауданда 30 жылдан бері тұрады екен. Бұрын сауда саласында жұмыс істеген. Зейнеткер қаланың орталық көшелеріне жылы аялдамалар қажет екенін айтады. Себебі бұл көшелерде көлік ағыны да, жолаушылар да көп.

Біз аталған мәселеге байланысты Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне хабарластық. 

Аталған бөлім маманы Бақтияр Турештің айтуынша, бүгінде қала бойынша 56 аялдама жаңартылып жатыр. Мердігер ұйым – "ПК МТС" ЖШС. Бұл мақсатқа бюджеттен 145 млн теңге бөлінген. 

Қазір тұрғындардың өтініші бойынша ескі аялдамалардың орнына жаңасы орнатылып жатыр. Оларды қыс айларында орнатып жатқан себебі конкурс былтыр кеш өткізілді. Биыл біз қалада тағы 50 шақты аялдаманы жаңартамыз. Сондай-ақ күн жылынған соң қала бойынша 30 жылы аялдама салынатын болады. Жаңа аялдамаларды мердігер ұйым бетондап, дәнекерлеп, орнатып жатыр. Қабырғаларын өздері жасаса, әйнектері Ресейден және Алматыдан әкелінеді. Бір жылға дейін кепілдігі бар, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы