Ақтөбеліктер байланыс тарифтері бағасының өсуіне наразы

1 шілдеден бастап «Қазақтелеком» АҚ тарифтердің бағасын өсіретінін хабарлады. Осыған орай ақтөбеліктер өз наразылықтарын білдіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Әлімжан Мұхамбетов аталған компанияның тарифін 6 жылдан бері қолданып келеді. Ол ай сайын 7 мың теңге төлейді. Енді баға қымбаттаса, аталған компанияның қызметінен бас тартатынын айтады.

Қазір біз үйдегі интернет үшін 7 мың теңге төлейміз. Одан бөлек, отбасы мүшелерінің әрқайсысы ұялы телефон байланысына ай сайын 4-5 теңгеден тағы төлейміз. Сонда отбасымыз интернетке айына 30 мыңға жуық қаржы жұмсайды. Енді тағы қымбаттайтын болса, бұл біздің қалтамызға кәдімгідей «жүк» болмақ, — дейді ол.   

Аталған компания 51 тарифтің бағасы өсетінін, олар 5600-11000  теңге аралығында болатынын мәлімдеді. Бұл өзгеріс үйдегі интернеттен бөлек, алдағы уақытта ALTEL, Kcell тарифтеріне де әсер етпек. Себебі Tele2 және Kcell операторы «Қазақтелеком» тобына кіреді.

Қазір тарифтер қымбаттап жатыр. Сапалы интернет құны 5 мың теңгеден  басталады. Бұл — еліміз бойынша өзекті мәселе. Біздің басқарма байланыс операторларына бұл орайда ешқандай шара қолдана алмайды. Себебі біз олардан қызмет сапасын ғана сұрай аламыз. Алдағы уақытта заңға өзгерістер енгізілсе, басқармаға бұл ретте байланыс операторларына айыппұл салу құзыреті берілуі мүмкін. Алайда мұндай өзгерістердің қашан болатыны әзірге белгісіз. Егер тұрғындар тарапынан ұялы байланыс сапасына қатысты шағымдар болса, онда басқармаға «Е-өтініш» сервисі арқылы жіберуіне болады, — дейді Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.

Айта кету керек, былтыр операторлар тарифтер бағасы 60%-ға дейін өсірген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Pexels.com
Өзгелердің жаңалығы