Ақтөбеліктер Абайдың өлеңдерін оқып, рухына тағзым етті

Бүгін Ақтөбе қаласындағы ұлы Абайдың ескерткіші алдында ақынның туған күніне арналған «Мен Абайды оқимын!» атты шара өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Шара ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Одан әрі шарада Абай Құнанбайұлының өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Сондай-ақ облыстық Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының артисі Әсет Оразалин Абай образында ақынның қара сөздерінен үзінді оқып берді.

Абайдың туған күніне орай шара ұйымдастырған С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкерлері жиналғандарға кітап көрмесін ұсынып, оқырмандарға ұлы ақынның шығармашылығы туралы тың мәліметтер айтып берді.

Шараның бір ерекшелігі, оған Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінің сарбаздары қатысып, ұлы ақынның шығармашылығы туралы көп ақпарат алды.

Бүгін еліміздің қай түкпірінде болмасын ұлы ақынның рухына тағзым етіліп, түрлі танымдық, мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп жатыр. Біз де осыған орай облыс жастарының, кітапсүйер оқырманның басын қосып жатырмыз.Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеде ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылып, республикалық деңгейде әдеби форум ұйымдастырылған болатын. Міне, сол ескерткіш жанында бүгін ерекше іс-шара өтіп жатыр. Қазіргі жас ұрпақ Абай атамыздың кім болғанын, оның шығармашылығын, кейінгі ұрпаққа қандай асыл мұра қалдырғанын білуге тиіс. Ұлы ақынның өлеңдері мен әндері оның туған күнінде ғана емес, күн сайын мектептерде, балабақшаларда оқылып, орындалуы керек. Жастар ұлы ақынның шығармаларын оқып, адамгершілікке, имандылыққа, білім мен ғылымға ұмтылуы қажет, — дейді С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Талғат Тілеулесов.

Бүгінде облыста Абай өлеңдерін сүйіп оқып, оны жатқа мәнерлеп оқитын жастар аз емес. Солардың бірі  —  Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Нұрбол Өтениязов. Ол биыл 19-20 мамырда Алматы қаласында өткен «Абай оқулары» байқауында жүлдегер атанған.

Мен 7-сыныптан бастап Абайды оқи бастадым. Ұлы ақынның өлеңдерін жаттап, қара сөздерінің тағылымдық-тәрбиелік мәнін зерттей бастадым. Кейін «Абайтану» олимпиадасында Абай атамыздың шығармашылығы туралы сұрақтар келгенде, бұған дейін оқығандарым жақсы көмектесті. Осылайша жүлдегер атандым. Одан кейін «Абай оқулары» байқауына қатыстым.  Жарыс екі турдан тұрды. Біріншісінде Абайдың шығармашылығы туралы эссе жазсақ, екінші турда ұлы ақынның шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап бердік. Екі кезең нәтижесі бойынша мен жоғары ұпай жинап, республика көлемінде үшінші орынды жеңіп алдым, — дейді Нұрбол.

Жыл сайын республикамызда «Абай оқулары» байқауы өткізіледі. Оған әр облыстан ең үздіктер қатысып, өз өңірінің намысын қорғайды. Республикалық кезеңге облыстық кезеңнен бас жүлде алған дарынды оқушы қатысады. Ал облыстық кезеңді жыл сайын «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырады.

Орталық мамандарының айтуынша, «Абай оқуларының» облыстық кезеңі орта мектептердің 5-11 сынып оқушылары арасында өткізіледі. Биыл бұл шара жиырма екінші рет ұйымдастырылған. Аталған байқаудың республикалық кезеңіне биыл біздің өңірден бес оқушы қатысыпты. Соның біреуі — Нұрбол.

Нұрбол Өтениязов — мектептегі озат, дарынды оқушылардың бірі. Ол өткен оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық олимпиададан күміс, республика бойынша алтын медаль иегері атанған, «Елбасы медалі» жобасы бойынша қола медальды, сонымен қатар республикалық лицейлер арасында өткізілген «Қазақстан Білім Олимпиадасында» алтын медаль иеленген. Дарынды оқушы Абай Құнанбайұлының 40 шақты өлеңі мен қарасөзін жатқа біледі.

Оның айтуынша, лицей-интернатта биыл Абайдың қарасөздері бойынша оқушылар мен ата-аналар арасында кішігірім жарыс өткізілген. Сонымен қатар мұғалімдер арасында кітап оқудан түрлі жарыстар ұйымдастырыпты.

Айта кету керек, Нұрбол сияқты облысымызда ұлы Абайдың шығармаларын жатқа айтатын оқушылар мен білімді жастар көп. Олардың қатарында көпке танылып үлгерген,  

Абай Құнанбайұлының 149 өлеңін, 19 аудармасын, 2 поэмасын жатқа білетін Әйгерім Көмекова, 160 өлеңі мен «Ескендір» поэмасын жатқа айтатын Әйгерім Мұқаш, ұлы ақынның барлық өлеңдері мен қара сөздерін жаттап алған Қазина Нұртазина, т.б. жастарымыз бар. Сонымен қатар Ақтөбе облысында бүгінде Абай Құнанбаев есімді үш жас тұрады. Оның біреуі өрт сөндіруші болып жұмыс істесе, екіншісі — стоматолог-дәрігер. Ал енді бір Абай есімді жігіт бүгінде өнер жолында жүр. Олардың барлығы өз есімдерін мақтан тұтады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы