Ақтөбелік шаруа: Мал бағу – бейнет емес
Ақтөбе облысында шалғай ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар көп. Бұл шаруашылықтар төрт түлік өсіріп қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен және мал азығымен қамтып отыр. Биылғы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесінде осындай шаруа қожалықтарының басшылары мен жұмысшылары марапатталды. Біз мерекеде Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапатына ие болған «Айсұлтан» шаруа қожалығының басшысы Нұрғали Елубаевпен тілдескен едік...
— Нұрғали Айсұлтанұлы, жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталдыңыз. Бұл - үлкен жетістік. Осы орайда шаруашылықты қалай, қашан құрдыңыз? Сол туралы айтып берсеңіз.
— Менің туған жерім - Мұғалжар ауданы Ащысай ауылдық округі Сабындыкөл ауылы. Осы жерде туып-өсіп, бүгінде мал шаруашылығын дамытып отырмыз.
«Айсұлтан» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылды. Ол кезде ауламызда азын-аулақ қойымыз ғана болды. Ешқандай жеріміз, техникамыз болмады. Содан егістік және шабындық жер алып, егін егуді, сондай-ақ шөп шабуды қолға алдық. Міне, арада 20 жылдан астам уақыт өтті. Қазір шаруашылығымызда 500 ірі қара, 600-ден астам жылқы, 1200 қой бар. Қожалықта, негізінен, асыл тұқымды жылқы, қой, ірі қара санын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Мәселен, ет бағытында қазақтың ақбас сиырын өсіріп жатырмыз. Бүгінде шаруашылықта 250 бас асыл тұқымды сиыр, 200 бас аналық мұғалжар тұқымды жылқы, сондай-ақ қылшық жүнді қойымыз бар.
Жалпы, қожалықта шөп шабатын, егін егетін 15-тен астам техникамыз бар. Биыл осы техникалармен шөп шауып, арпа, бидай, басқа да дақылдарды уақытында жинап алдық. Бір қуанарлығы, биыл егін бітік шықты. Бұған дейін ауылымыздың маңынан 300 гектар егістік, 10 мың гектар шабындық жер алған болатынбыз. Күзде осы алқапқа еккен арпа мен бидайдан гектарына 20 центнерден өнім алдық. Еңбегіміз ақталды.
Негізі, техникалардың көбін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттен несиеге алдық. Мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетілетін осындай қолдаудың арқасында қожалығымыз бүгінде барлық техникамен қамтылып отыр. Мұның бәрі ауылды өркендетуге, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған зор көмек деуге болады.
— Қазір шаруашылықта неше адам жұмыс істейді? Малшы, механизатордан тапшылық бар ма?
— Біздің бұл шаруашылығымызды отбасылық бизнес десек те болады. Себебі қожалықтың жұмысын отбасымыз болып жүргізіп отырмыз. Жалпы, менің бұл кәсіпке келуім тегіннен-тегін емес. Әкем Айсұлтан — осы ауданда ұзақ жылдар бойы мал баққан кісі. Ал анам үй шаруасында болған. Қазір әкемнің жолын жалғастырып мен де осы саланы дамытуға жұмыстанып жатырмын. Отбасында зайыбым Клара екеуміз бүгінде алты қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Балаларымның барлығы қожалықтың шаруасына араласып, қол ұшын береді. Олардың ырыс-несібесі осы шаруашылықта деп білемін. Сондықтан балаларыма еңбектенген адам ғана жетістікке жететінін, ата кәсібімізді жалғастыру — ортақ парызымыз екенін айтып отырамын. Өзім қандай жұмыс болса да бейнеттен қашқан емеспін. Соның арқасында бүгінде үлкен қожалықты басқарып отырмын. Жалпы, мен үшін мал бағу — бейнет емес, береке. Барлық жұмысты үйлестіріп, адамдардың көңілінен шығып, жұмысшыларға жағдай жасау оңай дүние емес. Қазір біздің шаруашылықта 15 адам жұмыс істейді. Жаз айларында Өзбекстаннан келетін азаматтарды уақытша жұмысқа аламыз. Осылайша жұмысшылар қатарына 4-5 механизатор қосылады. Бүгінде шаруашылықтағы жұмысшыларға екі жерден қыстақ салып бердік, мал өсіруге баз, қора тұрғыздық. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жалақысын ай сайын төлеп отырмыз. Тек бір айта кетерлігі, қазіргі таңда ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындардың арасында отбасымен келіп, мал бағуға қызығушылық танытатындар өте аз. Көп жағдайда ауданға жұмысшылар өзге өңірлерден, сондай-ақ Өзбекстаннан келеді. Ауылдағы жастардың дені қалаға көшіп кеткен, қалғаны мал баққысы келмейді. Сондықтан кей кездері механизатор мен малшы табуда қиындықтар болып жатады. Дегенмен қазір біздің қожалықта мұндай проблема жоқ. Малшыларымыз тұрақты түрде жұмысын істеп жатыр.
— Қожалықта жарық, газ, ауызсу бар ма? Ауылда мал шаруашылығын дамытуда қандай қиындықтар бар?
— Өкінішке қарай, базымызда жарық та, газ да жоқ. Ауызсуды ұңғыма қазып, содан алып отырмыз. Ащысай ауылына биыл газ құбыры тартылды, дегенмен көгілдір отын әлі берілмеді. Әкімдік қызметкерлері келер жылы берілетінін айтады. Егер ауылымызға көгілдір отын берілсе, біздің бір қыстағымызға да газ құбыры қосылады деп үміттеніп отырмыз. Себебі биыл өз қаржымызға қыстағымызға газ құбырын жүргізіп қойдық.
Тағы бір қыстағымызға электр қуатын апаруды жоспарлаудамыз.
Келер жылы ауылымызға газ келсе және аудан орталығы мен көрші ауылдардың арасына асфальт төселсе деген тілегіміз бар. Себебі қыс айларында біздің ауылға жол болмайды. Қар қалың жауса, жол қатынасы жабылып қалады. Тіпті, есеп беру кездесуіне келген әкімдердің өзі жол жабылса, кері қайта алмайды. Өкінішке қарай, кеңес заманынан бері грейдер жолмен жүруге мәжбүрміз.
Айта кету керек, Ащысай ауылы аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде округте 200 шақты үй бар. Ал Сабындыкөлдің өзінде 25 түтін бар.
Біздің енді мақсатымыз — асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, алдағы уақытта аудан орталығынан мал сою және бордақылау алаңын ашу. Қожалықты кеңейтіп, мал басын көбейту.
— Әңгімеңізге рақмет!