Ақтөбелік шаруа: Бейнеттен қашпай, еңбек етсең, бәріне қол жеткізесің...

Ақтөбе облысында шалғай ауылда тұратын Дабыловтар отбасы мал шаруашылығын дамытып, бау-бақша өсіріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданына қарасты Ақши ауылында бүгінде 80-ге жуық түтін бар. Ауыл халқы көгілдір отынмен, ауызсумен қамтылған. Елді мекенде әлеуметтік нысандар саны жеткілікті. Тек ауыл мен аудан орталығындағы жолдың сапасы нашар, мұнда асфальт төселмеген.
Дабыловтар отбасы Ақши ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Құдабай қыстағында мал бағып, шаруашылығын дамытып отыр. Қазір шаруа қожалығында төрт адам жұмыс істейді. Қожалықтың базында жұмысшыларға арналған үй, монша, сарай, ұзындығы 40 метрлік малға арналған қора бар. Екі-үш жыл бұрын қожалық басшысы қыстақ жанынан жылыжай салған. Жалпы, мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.
Шаруашылық басшысы Қонысбай Дабылов жеке қожалығын 2001 жылы құрғанын айтады. Ол кезде қожалықта небәрі 40-50 бас қой, 15-20 бас ірі қара болған. Қазір олардың саны едәуір артқан. Атап айтсақ, қазіргі таңда шаруашылықта 150 бас ірі қара, 50 шақты жылқы, 700-дей қой бар.
Қазіргі таңда шаруашылығымызда мал төлдеп, мәре-сәре болып жатырмыз. Биыл наурыз айының ортасында мал өріске шықты. Жалпы, біздің өлкеде күн ерте жылиды. Биыл да қар еріген соң малды өріске айдадық. Бұдан бөлек, жылыжай жұмысын да жандандырып жатырмыз. Былтыр азын-аулақ қияр, қызанақ, картоп еккен едік. Биыл да жылыжайға қияр, қызанақ, сондай-ақ қауын-қарбыз бен картоп егуді жоспарлап отырмыз. Бау-бақша көп күтімді қажет етеді. Егер күтімін дұрыс жасасаң, жақсы өнім алуға болады. Әзірге қожалықтың жағдайы осы, - дейді Қонысбай Дабылов.
Шаруа былтыр жұмысшыларымен бірге техникаларын жұмылдырып, өзіне қажетті мал азығын дайындап алыпты. Қазір сол жинаған мал азығының үштен бір бөлігін ғана жұмсаған. Қалғаны базында үйіліп тұр. Өткен жылы күзде 150 рулон шөп жинаса, биыл да осы мөлшерде мал азығын дайындауды көздеп отыр.
Қазір “Бердалы” шаруа қожалығында шөп шабуға қажетті техниканың бәрі бар. Базы 2013 жылы жарықпен қамтылған, ауызсуды ұңғымадан алып ішіп отыр. Тек мұнда қазір қажеттісі - көгілдір отын.
Қазір шаруашылығымызға мал бағатын отбасы керек. Себебі жыл өткен сайын мал саны көбейіп келеді. Әрі тұрақты түрде осы жерде еңбек ететін азаматтар болса нұр үстіне нұр болар еді. Қожалықта жолдасым екеуміз барлық шаруаны жасай береміз. Дегенмен екі адам ештеңеге үлгермейді. Жылыжайдың жұмысын жүргізу де оңай емес. Жалпы, еңбек еткен адамға жұмыс көп. Бейнеттен қашпай, еңбек етсең, бәріне де қол жеткізесің. Осыны балаларыма үнемі айтып отырамын. Өкінішке қарай, қазіргі жастар мал бағудан қашады. Бейнеттеніп, далалықта мал бағып жүргісі келмейді. Биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл жыл біз сияқты шаруаларды қолдауға бағытталып отыр. Осы орайда қазір ауыл-аймақтарда жұмыс істеп жүрген жұмысшылардың, малшылардың, сауыншылардың еңбектері бағаланып жатыр. Біз де бұған ерекше қуанып жатырмыз, - дейді ол.
Қазір Қонысбай Дабылов зайыбы Әлия екеуі отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ұлы үйленіп, үш немере сүйгізсе, қызы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде 7-курста оқиды.

Отанасы Әлия Базарбаева қазір қожалықтағы сиырларды өзі сауып, сүт өнімдерін өндіріп отыр. Ол аудан тұрғындарынан көктем-жаз айларында құрт, май, ірімшік, сарысу, т.б. өнімдерге тапсырыс қабылдайды. Былтыр жаздай 25 сиыр мен 10 шақты бие сауыпты.
Алдағы уақытта шаруашылық аудан орталығынан сүт өнімдерін сататын дүңгіршек ашқысы келеді. Сондай-ақ болашақта қымыз өндіріп сатпақ. Бүгінде қожалық бір литр қымызды 800-1000 теңгеге сатып отыр. Ал облыс орталығында қымыздың литрі 1500-1700 теңге тұрады.
Алдағы уақытта мемлекеттен қолдау болса, несие алып, 40-50 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алғымыз келеді. Асылтұқымды мал санын көбейтсек деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, ауылда қымыз өндіруді қолға алмақпыз. Өйткені, ауылда қымызға сұраныс жоғары. Жалпы, бұл - қазақ халқының ұлттық сусыны ғана емес, туберкулез, обыр, тұмау секілді түрлі ауруларға ем. Пандемия кезінде ауданымызда қымызға сұраныс артты. Содан кейін қазір шаруашылықтар қымыз өндіруге бет бұрып жатыр. Өзің ішсең де, жұртқа сатсаң да, бұл істе береке бар. Сонымен қатар алдағы жылдары қожалықтың қыстауына газ тарту да жоспарымызда тұр. Алайда оған көп қаржы керек. Қазіргі таңда газ құбыры шаруашылықтан 5-6 шақырым қашықтықтағы аумаққа келіп тұр. Жалпы, жағдайымыз жақсы. Биыл Ырғыз өзені тасып, біраз жерге су келді. Тек өкініштісі, аудан орталығы - Ырғыз ауылы мен Ақши ауылының арасындағы жолдың жағдайы нашар. Сондай-ақ ауылымыздан халықаралық “Самара-Шымкент” тас жолына дейін асфальт салынса екен, - дейді Қонысбай Дабылов.
Еңбекқор, жан-жақты, шаруаның икемін білетін кейіпкеріміздің алға қойған жоспары көп. Міне, шалғай ауылдарды осындай азаматтар көркейтеді.