Ақтөбелік қызметшілер мейірімділіктің үлгісін көрсетіп отыр
«Мемлекеттік қызметшілер қашан да өзгелерге үлгі болуы керек». Ақтөбелік мемлекеттік қызметшілер осы ұстанымды қатаң ұстанады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік қызметші — халықтың сенім артқан тұлғасы, мемлекеттің айнасы. Сондықтан олар елге адал қызмет етіп қана қоймай, қашан да әділдіктің, адамгершіліктің, парасаттылықтың үлгісін көрсетуі тиіс.
Бүгінде Ақтөбе облысында 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші болса, олардың барлығы өз қызметін ұқыпты, жауапкершілікпен атқарады.
Соңғы 3-4 жылда мемлекеттік қызметшілер тестілеуден өткенде олардың жеке қасиеттерін бағалау да ескеріледі. Мәселен, жыл сайын жүздеген адам тестілеуге қатысса, олардың 80 пайызға жуығы шектік деңгейден өтеді. Бұл дегеніміз — қызметке алынған әрбір мемлекеттік қызметшінің білімімен қатар жеке қасиеттері де сараланады деген сөз. Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында адалдық, жауапкершілік, мейірімділік қасиеттер мен көшбасшылық қабілет болуы керек. Сонда ғана олар өз жұмысын жоғары деңгейде орындай алады. Бұл тұрғыда біздің облыстың қызметшілерінен үлгі алуға болады, — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Бисекешева.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметшілер арасында отбасында өзінің баласын ғана емес, жақындарының баласын да бағып-қағып, мейірімділіктің үлгісін көрсетіп отырған мемлекеттік қызметшілер жетерлік. Солардың бірі — Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұраны дамыту бөлімінің бас маманы Манаргүл Өтекешова.
Мәдениет саласында 25 жыл жұмыс істеген, оның ішінде 18 жылын мемлекеттік қызметке арнаған Манаргүл Өтекешева бүгінде жас мамандарға жол көрсетіп, елеулі еңбек етіп келеді.
Менің осы салада еңбек еткеніме 25 жыл болса, жолдасымның мәдениет саласында жүргеніне 30 жылдан асты. Отбасында бір ұл, бір қыз өсіріп отырмыз. Қазіргі таңда қызым Ақнұр қалалық №3 емханада терапевт-дәрігер болып қызмет етсе, ұлым Санжар Ақтөбе ферроқорытпа зауытында металлург болып жұмыс істейді. Осыдан он бір жыл бұрын туған бауырым дүниеден өтіп, артында бір жасар ұлы қалған еді. Отағасы екеуміз ақылдасып, сол баланы өзіміздің қамқорлығымызға алдық. Бүгінде Мансұрымыз үлкен жігіт болды, — дейді ол.
Манаргүл бауырына басқан Мансұр да бүгінде ата-анасы сияқты өнерге жақын болып өсіп келеді. Ол қалалық №1 музыка мектебінің домбыра класында оқиды. Мансұр — өмірге құштар, еңбекқор, зерек, мейірімді бала. Дүниеге келгенде денсаулығында бірқатар ерекшеліктер болған Мансұрды қазіргі анасы 10 жыл бойы емдеген. Жыл сайын оңалту курстарынан өткізген. Манаргүлдің әріптестерінің айтуынша, үлгілі отбасы әрі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иелері осылайша мейірімділіктің үлгісін көрсетіп, жақсы қасиеттері арқылы ел аузына ілінген.
Ал Қарғалы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Насима Жақсығалиева тағдырдың жазуымен ерте өмірден өткен сіңілісінің қос құлыншағын — Азамат және Лаураны бауырына басқан.
Бүгінде Азамат отбасын құрып, өз мамандығы бойынша абыройлы еңбек етіп жүр. Ал Лаурасы аудандық балалар өнер мектебінде үйірмелерге қатысып, мектептен кейін грант негізінде Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына оқуға тұскен. Қазір ол «Графикалық дизайнер» мамандығының 2-курсында оқиды.
Қазақ қашан да жетімін далаға тастамаған. Сондықтан сіңілімнің қос құлыншағын бауырыма басып, оларға ана болдым. Мейірімділік — әрбір жанның бойында бар қасиет. Егер әрбір адам өзгелерге мейіріммен, қайырымдылықпен қараса, оған Алла береді. Менің ұстанымым осы. Елге адал қызмет атқара отырып, мейірімді болуға асығайық, — дейді ол.
Мемлекеттік қызметшілер қатарында «үлгілі әке» атанған Серік Ермағамбетовті әріптестері әрдайым мақтап жүреді. Себебі ол қайғылы жағдай болып, жастай үзілген апа-жездесінің артында қалған, кәмелет жасына толмаған Диасты өз қамқорлығына алып, бүгінде туған баласындай тәрбиелеп келеді.
Бүгінде Диас 16 жасқа толды. Қазіргі таңда қара шаңырақта зайыбым Гүлдана екеуіміз үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Қара шаңырақта әкем немерелерінің қызығын көріп отырған жайы бар, — дейді ол.
Серік Ермағамбетов мемлекеттік қызметте, нақтырақ айтсақ, Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық мәслихатында бас маман болып жұмыс істейді. Жұмысына тиянақты, ізденімпаз, жан-жақты маман қашан да отбасы игілігін басты орынға қоятынын айтады.