Ақтөбелік құтқарушылар марапатталды

Бүгін Ақтөбе қаласында Құтқарушылар күніне арналған шарада бір топ құтқарушы төсбелгімен және медальмен марапатталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ең қауіпті мамандық иелері саналатын құтқарушылар қашан да өмір мен өлімнің арасында жүреді. Олар адамдарды қауіп-қатерден қорғап қана қоймай, өрт болған кезде тұрғын үйлерді, мекемелерді тілсіз жаудан «азат» етуге барын салады.

Бүгін осындай үлкен жүректілік пен ыждағаттылықты қажет ететін мамандық иелерінің кәсіби мерекесінде Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыста абыройлы еңбек етіп, азаматтық қорғау органдары жұмысына елеулі үлес қосқан бір топ құтқарушыға марапаттар табыс етті. 

Биыл төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 27 жыл толды. Осы жылдар ішінде осынау қиын да күрделі салада жүрген қыз-жігіттеріміз өз бастарын ойламай, тәуекелге бел буып, қаншама азаматтарымызды тілсіз жаудан құтқарды. Мұндай жұмыста алдымен қызметкерлерге батылдық, кәсіби шеберлік, мықты жүрек керек. Өздеріңіз білесіздер, Жамбыл, Қостанай облысында болған өртте біздің ақтөбелік құтқарушыларымыз да өз үлестерін қосып, жұмыстарын абыроймен атқара білді. Сол үшін бүгінгі кәсіби мерекелеріңізде баршаңызға алғыс айта отырып, алда да еңбекте табысты болуларыңызға тілектестік білдіремін, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ мерекелік шарада бейнефильм арқылы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің құттықтауы тыңдалып, жиналғандар бір-біріне жүрекжарды тілектерін жолдады.

Шарада Төтенше жағдайлар министрінің Жарлығымен азаматтық қорғау саласының полковнигі Асқар Төлешев «Азаматтық қорғау органдарының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, азаматтық қорғау капитаны Саламат Қалменов пен азаматтық қорғау сержанты Алтай Мұсаев «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. 

Бұдан бөлек, салтанатты жиында бір топ адам «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Құтқарушы» төсбелгісіне және Төтенше жағдайлар министрінің арнайы Грамотасына ие болды.

Шара соңында жиналғандар қызмет бабында қаза тапқан құтқарушы-батырларды еске алып, үнсіздік жариялады. Сондай-ақ облыстағы шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Есімжан Сапаров Ақтөбе қаласындағы  №4 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып жұмыс істейді. Шені — капитан. Бұған дейін ол Хромтау қаласында өрт сөндіру бөлімінде еңбек еткен. Осы салада жүргеніне алты жылдан асыпты.

Мен Қобда ауданының перзентімін. Оқуымды аяқтаған соң осы бөлімге келіп жұмысқа орналастым. Қазір қарауыл бастығымын. Қарамағымда онға жуық қызметкер бар. Біздің міндетіміз — өртке, басқа да төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға көмек көрсету. Біздің жедел тобымыз күндіз-түні қандай жағдай болса да, адамдарға қол ұшын созуға әзір. Мәселен, біздің өрт сөндіру бөліміне күніне ондаған қоңырау түсіп жатады. Біз қоңырау түскен бойда орнымыздан қозғалып, сол мекенжайға «ұшамыз». Бұл жерде, ең бастысы, адам өмірін құтқару. Сондықтан біз ыждағаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен сол қиындыққа тап болған тұрғындарға көмектесіп, жағдайға сай тез әрекет етуге тырысамыз, — дейді Есімжан Сапаров.

Есімжан биыл Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында көп қабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде кішкене қызды жалыннан құтқарып, үлкен ерлік көрсетті. Ол ештеңеге қарамай, бүлдіршіннің өміріне араша түсу үшін жетінші қабатқа автобаспалдақпен көтеріліп, қызды төменге түсіріп алды. Дәл осыған ұқсас оқиға жуырда 11-шағын ауданда да болды. Бұл жерде бір үйдің екі кішкентай баласы өрт болған аумақта қалып қойған. Құтқарушылар өрт болған үйге лезде жетіп, екі кішкентай баланы өрттен аман алып шықты. Бұл жерде де Есімжан әріптестерімен бірге ыждағаттылықпен әрекет етіп, балаларды төтенше жағдайдан аман алып қалды. 

Есімжан — тек белді қызметкер ғана емес, өз ортасына сыйлы маман, отбасында адал жар. Болашақта үлкен белестерді бағындырып, жетістікке жеткісі келген құтқарушы барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

 Мен үшін әріптестерімнің жетістігі — менің де ортақ жетістігім. Сол үшін алдағы уақытта мемлекет тарапынан осынау қиын да күрделі сала мамандарының еңбегі тиісті деңдейде бағаланса екен деймін. Барша әріптестерімді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, еңбекте табыс, отбасыларына бақыт-береке тілеймін, — дейді ол. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы