Ақтөбелік құтқарушы: Белуардан су кешіп, адамдарды құтқаруға барымызды салдық

Ақтөбе облысында әлі де су тасқынынан келер қауіп сейілер емес. Осындай қиын сәтте күндіз-түні су кешіп, халықты қызыл судан құтқарып жүрген құтқарушылардың еңбегі ерен. Біз Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының жедел құтқару жасағының құтқарушысы Әлішер Құттыбаевпен тілдесіп, қазіргі ахуал мен құтқару жұмыстары туралы сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Әлішер, алдымен туған жеріңіз, мамандығыңыз, жұмыс орныңыз жайлы айтып берсеңіз.

— Мен Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Бөгетсай селосында туғанмын. Сол жерде орта мектепті бітіріп, кейін жоғары оқу орнына түстім. «Ақпараттық жүйелер» мамандығын тәмамдадым. Алайда оқыған мамандығым бойынша жұмыс жасаған жоқпын. Өзімнің таңдауыммен осыдан сегіз жыл бұрын құтқарушы болып жұмысқа орналастым. Осы салаға маман болып жұмысқа қабылданғанда құтқарушы қауiптi, әрдайым тәуекелмен әрекет ететін мамандық иесі екенін түсіндім. Себебі құтқарушылар үнемі табиғи және техногендiк апаттар кезінде ең алдымен адамдарды құтқаруға барын салады. 8 жылдық тәжірибемде өзімнің басымнан өткерген оқиғаларды сараласам, біздің мамандығымыз өте мәртебелі, қаншалықты қауіпті болса да адамдарға тек жақсылық жасауға бағытталған кәсіп иесі екенін ұғындым.

Біздің қай кезде де басты міндетіміз — апаттан, әр түрлі төтенше, тосын оқиғалардан зардап шеккен азаматтарға қол ұшын беру, оларды қауіптен құтқару. Біз өзіміздің жағдайымызға қарамастан, қай уақытта да адамдарға көмектесуге әзір тұрамыз. Әсіресе, осындай қиын-қыстау кезеңде төтенше сала қызметкерлері еліміздің кез келген жеріне жедел көмекке баруға дайын. Адам өміріне қауіп төнген кезде бізге еш ойлануға, кідіруге болмайды. Мен қазір Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының жедел құтқару жасағында құтқарушымын. Қай уақытта да осындай мәртебелі мамандық иесі атанғаныма еш өкінбеймін.

— Бәрекелді! Енді қазір қай жерде құтқару, көмек көрсету жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар? Облыстағы ахуал қандай?

— Өздеріңізге белгілі, биыл су тасқыны көп жерде қатты болып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысы Ойыл ауданының халқы биыл да тағы осындай апатты бастан кешіріп отыр. Былтыр бұл ауданда бірқатар аумақты су басқан болатын. Биыл екі ауыл суға кетті, аудан мен облыс орталығы арасындағы автокөлік жолын тасқын су шайып кетіп, халық жол қатынасынсыз қалды. Қазір біз Ойыл ауданында 10 құтқарушы жұмыс істеп жатырмыз. Ойылдан Ақтөбе қаласына, қаладан Ойыл ауданының орталығына келетін тұрғындарды қайықпен тасымалдап жатырмыз. Сондай-ақ ауданға келіп жатқан гуманитарлық көмекті жеткізудеміз. Ал тұрғын үйлерін түгел су басқан Шығанақ Берсиев ауылдық округіне қазір төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тікұшақпен қатынауда. Өкінішке қарай, биыл Ойыл өзенінде судың ағысы қатты болып, бүкіл жерді су шайып кетті, тіпті, қайықпен жүзу де қиын болды. Біз бұл аумаққа 1 сәуірде келдік.

Қайықпен тұрғындарды тасыдық, бірқатар азаматтарды қызыл судан құтқарып қалдық. Ең қуаныштысы, адам шығыны болған жоқ. Ал 1 сәуірге дейін Ақтөбе қаласындағы Елек, Жіңішке, Қисық өзендеріне жақын орналасқан саяжай ұжымдарын су басып, сол аумақтарда белуардан су кешіп, тұрғындарды құтқару жұмысына жұмылдырылдық.

Атап айтсақ, Кірпішті, Ақжар ауылдарынан, «Солнечный», «Тау» демалыс базаларынан, Сүт зауыты ауданындағы саяжайлардың барлығынан адамдарды, үй жануарларын судан аман алып қалдық. Оларда эвакуациялық пункттерге жеткізіп, қауіпсіз жерлерге көшірдік. Өкінішке қарай, су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласында біраз үй су астында қалды. Маңдай терімен салған баспаналары су астында қалған азаматтардың жанайқайы мен мұңы біздің де жан-жүрегімізді елжіретті. Дегенмен, апат айтып келмейді. Біз үшін азаматтардың қауіпсіздігі мен амандығы — басты орында. Осындай қиын сәтте біз қашан да халықтың қасынан табылып, қолдан келгенше көмек көрсетуге әзірміз.

Ойыл ауданына жалпы қанша құтқарушы барды? Осы күндер ішінде қанша адамды құтқарып, тасымалдадыңыздар?

— Ауданда су тасқынынан тұрғындарды құтқаруға көптеген адам жұмылдырылды. Құтқарушылар ештеңеге қарамастан, бірден су басқан жерлерден тұрғындарды құтқаруға, оларды қауіпсіз жерге көшіруге асықты. Жанталасып, уақытқа да қарамастан, әр тұрғынның қауіпсіз орынға баруына барымызды салдық. Қызыл суды кешіп, адамдарды үйлерінен көтеріп алып шықтық. Үй жануарлары мен төрт түлікті де судан аман алып қалуға тырыстық. Жалпы, осы апта ішінде аудан мен облыс орталығы арасына 500-ге жуық адамды тасымалдадық. Оның ішінде 44-і — бала. Азық-түлік, төсек-орын, тұрмыстық заттарды есептесек, жалпы мөлшері 550 тонна жүкті жеткізіп бердік. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс жасауды жалғастыра береміз. Бұйырса жол төселіп, екі ортадағы қатынас түзелсе екен дейміз. Қазір ойылдықтарға өте қиын. Дегенмен ел болып, ауызбіршілік танытсақ, сабырлық сақтасақ, бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Енді мұндай апат болмасын!

Қазір сіздер адамдардың өмірін сақтап қалу үшін суға да түсіп, әуеден де, жерден де жедел көмек көрсетіп жатырсыздар. Неше түн ұйықтамай, жақындарыңызды көрмей, еңбектеніп жүрсіздер. Осы еңбектеріңіз еленсін дейміз. Жалпы, үйіңізге бармағаныңызға қанша уақыт болды?

— Мен үшін ең бастысы — жерлестерімнің амандығы мен еліміздің тыныштығы. Ал басқасы — екінші орында. Отбасыма келсем, жақындарымды көрмегеніме біраз болды. Дегенмен телефон арқылы хабарласып, амандығын біліп тұрамын. Өңірдегі ахуал тұрақтанып, қызыл судың беті қайтқан соң біз де үйімізге қуанышпен ораламыз деп үміттенемін. Қазіргі уақытша қиындықтар ертең-ақ ұмытылады. Ең бастысы, аман болайық. Халықтың алғысына бөленіп, елдің ризашылығын алсақ, бізге содан асқан мәртебе жоқ.

— Әңгімеңізге рақмет!

«BAQ.KZ»-тің анықтамасы

Биылғы су тасқыны кезінде Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы екі елді мекенді су басты. Қазір ауданға барар жолды су шайып, тұрғындар облыс орталығы мен аудан орталығы арасына қайықпен қатынауда. Ойыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Бақтыгереевтің айтуынша, қазір аудандағы ахуал тұрақты. Мұнда су шайған жолдар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде аудандағы Қаратал ауылында — 236, Екпетал ауылында 66 үйді су басқан. Жалпы ауданда 7 елді мекенде 323 үйге су кіргендігі анықталған. Су тасқыны кезінде 1452 адам, оның ішінде 693 бала эвакуацияланған. Сондай-ақ шаруа қожалықтарынан 7 адам құтқарылған. Қазіргі таңда ауданда келтірілген шығынды бағалау бойынша комиссия құрылып, жұмыс жасап жатыр.

Ойыл ауданындағы тұрғындарды судан құтқаруға Ақтөбе қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен үш қызметкер мен бір жол талғамайтын техника, Алматы қаласының республикалық жедел құтқару жасағынан 20 қызметкер, 7 қайық және Ақтөбе қаласының жедел құтқару жасағынан 18 қызметкер мен 6 қайық барған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: жеке мұрағаттан
Өзгелердің жаңалығы