Ақтөбелік полицейлер алаяқтардан сақ болуға шақырады

Ақтөбелік полицейлер телефонға келіп түскен смс-кодтарды және банк карталарының нөмірлерін бейтаныс адамдарға ешбір жағдайда хабарламауға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Алаяқтықтың танымал тәсілдерінің бірі – белгілі сайттарда тауарларды сату туралы хабарландыруларды орналастырумен байланысты.

Олар клиенттерді төмен бағамен қызықтырып, банктік шоттарға ақша аудару арқылы “тауарға” алдын ала төлем жасауды талап етеді.

Сонымен қатар, егер сіз тауар сату туралы жарнаманы өзіңіз берген болсаңыз, алаяқтар сіздің сеніміңізді пайдаланып, картаңыздан ақша ұрлауы мүмкін.

Ол үшін күдіктілер сізге тауардың ақшасын аудару үшін қажет деген сылтаумен сіздің картаңыздың мәліметтерін, содан кейін телефоныңызға келген СМС-кодты айтуды сұрайды. Осыдан кейін сіздің шотыңыздағы барлық ақшаңыз алаяқтардың қолына өтеді.

20 жастағы ақтөбелік осындай интернет-алаяқтықтың кезекті құрбаны болды. Жас жігіт танымал сайтта 35 мың теңгеге жиһаз (комод) сату туралы хабарландыру жариялаған. Оған танымал мессенджер арқылы өзін Шымкент қаласының тұрғыны ретінде таныстырған адам хабарлама жазған. Ол жәбірленушіге тауарды сатып алғысы келетінін айтқан. Сатып алушы жиһаздың ақшасын алдын ала аударып жіберуге қажет деген сылтаумен ақтөбеліктен банк картасының нөмірін, сондай-ақ смс-хабарлама арқылы келген кодты жазып жіберуді сұраған. Жігіт барлық нұсқауларды орындаған. Нәтижесінде алаяқтар жігіттің банктік шотынан 40 мың теңге сомасында ақша қаражатын шешіп алған. Қазіргі уақытта осы қылмысты ашуға және қылмыскердің жеке басын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары кешені жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері азаматтарды қырағы болуға және бейтаныс адамдарға өздерінің жеке деректерін, банк карталарының деректемелерін бермеуге, телефонға келіп түскен смс-кодтарды ешбір жағдайда хабарламауға шақырады, өйткені бұл шотыңыздан қаражатты ұрлау үшін пайдаланылуы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы