Ақтөбелік оқушылар аукционда бір миллион теңге жинады⠀⠀
Ақтөбе қаласында қайырымдылық балы ұйымдастырылып, онда дарынды оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар аукционға қойылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Шараны Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырды. Мектептің он жылдығына орай өткізілген балда аукцион арқылы оқушылардың жұмыстары сатылып, бір миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Енді бұл қаржы Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтардың орталығына берілмек.
Біз бұл шараны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырдық. Пандемия кезінде бұл шараны өткізе алмадық, міне, биыл қайта жандандырып жатырмыз. Қайырымдылық кешіне мектеп оқушылары мен ұстаздар тыңғылықты дайындалып, екі айдан астам уақыт бойы дайындалды, би үйренді, өз қолынан әдемі бұйымдар жасады, – дейді мектеп директоры Сәуле Өмірбекова.
Шарада мұғалімдер арасынан шыққан 20 жұп, оқушылар мен ата-аналардан құралған 40-тан астам жұп, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан шыққан бірнеше жұп ортада вальс, мазурка, классикалық полька, бачата, пасодобль және минуэт билеп, жиналғандарды таңғалдырды. Аталған қойылымдардың барлығын мектептің хореографы Зердегүл Үркімбаева дайындаған.
Оның айтуынша, аталған 65 жұпты дайындауға көп күш жұмсалыпты.
Біздің мектепте жан-жақты, дарынды ғана емес, сонымен қатар жанашыр балалар оқиды, қайырымды, қамқор мұғалімдер жұмыс істейді. Бүгінгі кешке сондай-ақ ата-аналарымыз да қатысып отыр. Жалпы бұл балды сағынып қалыппыз, — дейді мектеп хореографы Зердегүл Үркімбаева.
Сонымен қайырымдылық балында Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының өз қолымен жасаған бұйымдары, атап айтсақ, вальс билеген қыздың мүсіні, «Ұмай ана» картинасы, киізден жасалған «Төрт тұмар» панносы мен «Би шыңы» атты ерекше мүсін сатылымға қойылды. Аукционға қатысқан кәсіпкерлер мен қайырымды азаматтар бұл бұйымдарды лезде қымбат бағаға сатып алды. Нәтижесінде жалпы сомасы 1 миллион 80 мың теңге жиналды.
Шарада сондай-ақ жуырда халықаралық жарыста 4 миллион теңге жеңіп алған Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Нұршат Жұбаныш пен Әсет Үбіниязов та қайырымдылыққа өз үлестерін қосатынын жеткізді. Олар балда зағип жандарға арналған кітапханаға кітаптар сыйға тартатынын мәлімдеді.
Қайырымды жандар бас қосқан кеш әсем әнмен, бимен аяқталды.