Ақтөбелік оқушы қауіп төнгенде жақынына жедел хабар беретін қосымша жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбелік оқушы қауіп төнген кезде жақынына жедел хабар беретін қосымша жасады, деп хабарлады 24.kz.
Ұялы телефонға арналған бағдарлама “SOS” дабылымен қатар көмек сұраушының тұрған орнын да анықтайды. Қосымша авторы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Аян Қайырбек. Карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жиі естіген ол осы жобаны қолға алған.
Дарынды бала қосымшаны кез келген жастағы адам қолдана алатындай, ыңғайлы етіп жасады. Телефонға жүктеп алғаннан кейін сенімді үш адамның нөмірін енгізу қажет. Ұялы қосымшада ел төңірегіндегі дағдарыс орталықтары мен құқық қорғаушылар және медициналық мекемелер туралы ақпарат та бар.
102 және 112 нөмірлеріне тікелей хабарлама жолдау үшін ішкі істер және төтенше жағдайлар министрліктеріне хабарластым. Бірақ әзірге мұндай мүмкіндік жоқ екен. Болашақта құтқару қызметтерінің колл-орталықтары СМС-хабарлама қабылдайтын болса, қосымшаны жаңартып, жедел ақпарат жолдайтындай етемін, – дейді оқушы Аян Қайырбек.