Ақтөбелік ғалымдар радиацияны зерттейтін мобильді құрылғы әзірледі
Жоба университеттің «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығында жүргізілген көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде жүзеге асты.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары радиацияны тіркеп, оның материалдарға әсерін зерттеуге мүмкіндік беретін мобильді спектрлік кешен құрастырды. Салмағы небәрі үш келі болатын құрылғы бір спектрді шамамен бір минутта өлшейді. Бұрын бұл жұмысқа 20-30 минут қажет болған.
Жоба университеттің «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми орталығында жүргізілген көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде жүзеге асты. Оны физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, орталық директоры Қуанышбек Шүңкеев шәкірттерімен бірге әзірлеген. Ғалым ядролық физика саласында 1980-жылдардан бері зерттеу жүргізіп келеді.
Мобильді кешен радиация әсерінен кристалдар шығаратын әлсіз жарық сигналдарын тіркейді. Оларды талдау арқылы сәулеленудің сипаттамаларын анықтап, материалдардың радиация әсерінен қалай өзгеретінін зерттеуге болады.
Бұған дейін мұндай зерттеулерде көлемді, бір орында пайдаланылатын жабдықтар қолданылған. Жаңа құрылғының ықшамдығы мен өлшеу жылдамдығы қысқа уақытта жоғалып кететін әлсіз сигналдарды тіркеуге мүмкіндік береді.
Кешенді құрастыру кезінде бұрынғы аппараттың негізгі компоненттері заманауи өлшеу жүйесіне бейімделген. Қажетті бөлшектер Беларусь пен Жапониядан жеткізілген. Әзірлеме Астанадағы Ядролық физика институтының ДЦ-60 үдеткішінде сынақтан өткен. Сонымен қатар ғалымдар Германияның Гамбург қаласындағы зертханада тәжірибе жүргізген.
Қазір зерттеушілер құрылғыны Ақтөбеде өндірілетін рентген аппаратына қатысты тәжірибелерде пайдаланып, оның мүмкіндіктерін зерделеп жатыр. Сондай-ақ Күн спектрін өлшеу және сәулеленудің материалдардың физикалық қасиеттеріне әсерін зерттеу бағыттары қарастырылуда.
Ғалымдардың пікірінше, жаңа кешен радиациялық датчиктерді, сәулелену деңгейін өлшейтін құралдарды және радиацияға төзімді материалдарды жетілдіруге үлес қоса алады. Әзірлемені халықаралық ғылыми зерттеулерде пайдалану және шетелдік ғылыми ұйымдарға ұсыну мүмкіндігі де қарастырылып отыр.