Ақтөбелік әйел гүл шоғын 7,5 миллион теңгеге "сатып алды"
“Сізге гүл келді...” деген қоңырау үлкен мәселеге айналды.
Ақтөбелік әйел WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалып, өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған алаяққа алданып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
26 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны телефон алаяқтарының тұзағына түскен. Оған алаяқ WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалып, өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған. Тапсырысты растау сылтауымен күдікті оның телефонына келген кодты айтып беруді сұраған.
Біраз уақыттан кейін әйелге өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласқан.
Ол бұған дейін айтылған код алаяқтардың қолына түскенін және жәбірленушінің атына несие рәсімделіп жатқанын жеткізген. «Ақшаны сақтап қалу» үшін күдікті оны қаражатты «қауіпсіз шотқа» шұғыл түрде аударуға көндірген. Алаяқтардың айтқанын орындаған әйел 7,5 миллион теңгені олардың есепшотына аударып жіберген. Аталған факті бойынша күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде. Сақ болыңыздар және мұндай алаяқтық тәсілдер туралы жақындарыңызға, әсіресе егде жастағы туыстарыңызға ескертіңіздер, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін полиция қызметкерлері 8 наурызда гүл де "қауіпті" бола алатынын ескерткен еді.