Ақтөбелік әйел блефаропластика жасатам деп ауруға душар болған

Ақтөбе қалалық сотына үйде блефаропластика жасатқан соң қабағы жарылған азаматша материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюмен жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Instagram әлеуметтік желісінде блефаропластика қызметі туралы жарнаманы көрген талап қоюшы 2023 жылдың 4 тамызында жауапкердің жалдамалы пәтерінде ота жасатқан. Операциядан кейін бір апта өткен соң талап қоюшы көздің ассиметриясын байқап, жауапкерге қайта хабарласып, 15 тамызда екінші рет ота жасатады. Екінші ота кезінде жауапкер оң көзі қабағаның терісін тым терең кескен және терісімен бірге төменгі кірпіктерді кесіп тастағандықтан, талап қоюшыдан қан кетуі тоқтамаған. Жауапкер жараны лазермен күйдіріп, қан кетуді тоқтатып, қан кеткен жерді тігіп тастаған. Талап қоюшы конъюнктивит, ауырсыну және жас ағу салдарынан офтальмологтар мен пластикалық хирургтарға жүгінуге мәжбүр болған. Қазіргі уақытта қабақтың толық жабылмауына, көздің және қабақтың үнемі ісуіне байланысты сыртқы түрі өзгергендіктен, талап қоюшы жұмысты тастап, сәтсіз жасалған отадан кейін емдеу және оңалту шығындарын көтеруге мәжбүр болған. 

Сот істі қарау кезінде жауапкердің ауруханада фельдшер болып жұмыс істейтінін, оның пластикалық хирургия бойынша лицензиясы жоқтығын, тек сертификаты бар екенін анықтады. Жауапкер талап қоюшыға ота жасауға жұмсалған 80 мың теңге сомасын өз еркімен қайтарған. Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 235 мың теңге материалдық шығын және 1 миллион теңге моральдық зиянның өтеуі өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді, - делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы