Ақтөбелік алаяқтарға алданып, 53 млн теңгесінен айырылды

Ақтөбе қаласының тұрғыны алаяқтарға 53 миллион теңге қаржысын аударып жіберген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, оқиға жуырда болған. Өзін "Болашақ" бағдарламасының президенті етіп таныстырған алаяқ ақтөбелік әйелге қоңырау шалып, оның алаяқтық әрекеттер бойынша тексеріліп жатқанын айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерімен сөйлесуі қажет екенін жеткізген. 

 Бұдан кейін әйелге өзін "Ұлттық қауіпсіздік комитет"» қызметкері ретінде таныстырып тағы бір адам хабарласқан. Содан әлгі әйелге белгісіз адамдар оның шоттарын пайдаланып алаяқтық әрекеттер жасауға тырысып жатқанын, мұндай қауіптің алдын алу үшін айтқан нұсқаулықтарды орындау қажеттігін айтқан. Аңғал әйел алаяқтардың айтқанына сеніп, екі пәтері мен автокөлігін сатқан. Нәтижесінде алаяқтарға жалпы мөлшері 53 миллион теңге ақшасын аударып жіберген, - дейді ол.

Қазір бұл іс бойынша құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Қылмыскерлерді іздеу жұмыстары жалғасуда. 

Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысында осындай 108 алаяқтық дерегі тіркелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы